Көмір ме, көлік пе? Ауаның негізгі ластаушысы және эколог пікірі
Күн суығалы Орталық Азияның ірі қалаларын, соның ішінде Алматыны қою тұмша басты. Жұрт әлеуметтік желіде басы ауырғанын, аллергиясы қозғанын жазып жатыр. Эколог Лаура Мәлікова негізгі ластаушы көз көлік емес, көмір жағу дейді. Сарапшы мемлекеттік саясатта экологияға басымдық берілмей отырғанын айтады.
ҚАЛЫПТЫ ДЕҢГЕЙДЕН 6 ЕСЕ ЖОҒАРЫАуа сапасын онлайн-режимде бақылайтын түрлі платформа бар. Соның бірі Almaty Air Initiative. Бұл – ауа сапасын зерттейтін қоғамдық ұйым. Олар Алматының әр ауданындағы жағдайды сонда қойылған датчиктер арқылы біліп отырады. Олардың дерегі бойынша, 8 желтоқсанда ауаның әр текше метрінде 29.6 микрограммға дейін PM2.5 бөлшектері болған. Бұл – қалыпты деңгейден 6 есе жоғары көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы PM2.5-тің тәуліктік нормасы 15 микрограмм деп бекіткен.
Биыл тамызда Central Asia Climate Foundation қоры кейінгі 10 жылдың 9 жылында Алматы ауасы қатты ластанған күйде қалып отырғанын хабарлады. Тек 2017 жылы ғана ластану деңгейі салыстырмалы түрде төмен болған. Нәтижесінде 2,3 миллионнан астам адам құрамында зиянды заттар нормадан асқан ауамен тыныс алып жүр.
Қор мәліметінше, Алматының географиялық орналасуы бастапқыдан-ақ табиғи ауа алмасуына қолайсыз. Ал кейінгі 20 жылдағы ретсіз әрі тығыз құрылыс жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген.
Almaty Air Initiative кестесі бойынша, биыл Алматыда 84 күн ауа сапасы қатты лас болған. Мұндай күндері балалар мен қарттарға далада жүру қауіпті. Кестеге қарасақ, күздің аяғы мен қыста ауа тұрақты түрде ластанған. Биыл 14 қаңтарда әлемдегі ең лас қалалар рейтингінде Алматы бірінші орынға шықты.
Ауаны ластаушылар қатарында автокөлік түтіні де аталады. Қалада күн сайын 600 мыңнан астам көлік қозғалады. Ауа сапасын есептегіштер құрылғылар көрсеткен дерек бойынша, қаланың Түрксіб, Жетісу, Алатау аудандарында көрсеткіш нашарлау. Жылыту орталықтары да қаланың осы аумағында орналасқан.
Алматыдағы жылу электр орталығы – ауаны ластаушы көздердің бірі. Орталық көмір жағады. Қала билігі мәселені шешу үшін орталықты көмірден газға ауыстыруды қолға алған. Бірақ 2024 жылы аяқталуы керек болған құрылысы енді 2026 жылы қыркүйекте толық бітеді деп отыр.
Алматыда ауа ластануын 2028 жылға қарай екі есе азайту жоспарланып отыр. Әкімдік жоспарында бес басым бағыт бар. Оның қатарында көлік жүйесін дамыту, BRT мен LRT желілерінің құрылысы және метроның 20 шақырымнан астам жаңа тармақтарын жүргізу, жылу электр станцияларын табиғи газға көшіру, қалдықтарды энергетикалық утилизациялау зауытын салу бар. «Осы шаралардың барлығы толық жүзеге асқанда, 2028 жылға қарай Алматыдағы ауа ластану деңгейі екі есе төмендейді» деп мәлімдеді әкімдік.
"НЕГІЗГІ ЛАСТАУШЫ КӨЗ – КӨМІР ЖАҒУ""Тәжірибеші экологтар қауымдастығының" төрағасы, эколог Лаура Мәлікова ауаны ластаушы негізгі көз көмір жағу деп отыр. Азаттық сарапшыдан сұхбат алып, мәселенің себебі мен шешімі жайлы сұрады.
Азаттық: Алматының ауасына шағымданушылар бұрын аз емес еді, соңғы аптада тіпті көбейіп отыр. Мегаполистегі бұл проблема жыл сайын көтеріледі. Бұл мәселе жылу электростанциясының газға өтуімен шешіле ме?
Лаура Мәлікова: Алматы мен Астана болсын, орталық, солтүстік, шығыс өңірлерін алатын болсақ, жылыту маусымында ауа сапасы күрт нашарлап кететіні көмір жағумен тікелей байланысты. Ол ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденген. Бұл автокөліктен болып жатыр деген шындыққа сәйкес келмейді. Әсіресе кешкі уақытта ауаның түсі сұр болып тұратыны көмір жаққаннан.
Сондықтан 2018 жылы Астана қаласын газдандыру шешімі қабылданып, "Сарыарқа" газ құбыры салынып, оған Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Астана қалалары қосылып, қазір ол жұмыстар жалғасып жатыр. Осындай жұмыстарды Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында жүргізу керек. Ал Алматыда қазір Қытай компаниясының қатысуымен көмірден газға көшу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Энергетиктердің айтуынша, Алматыдағы жылыту қазандықтары кезінде Кузбасс көміріне арнап салынған екен. Ол көмірдің күлділігі – 7 пайыз. Ал қазір бізде Екібастұз көмірі жағылып жатыр, оның күлділігі – 42 пайыз. Яғни, бір тонна көмір жағылса, оның 420 келісі күлге айналып жатыр. Оның бір бөлігі ауаға тараса, бір бөлігі күл түрінде қалады. Алматы қаласындағы жылыту орталықтарының сол шыққан күлді жинайтын жері жоқ. Сосын ауаға тарап жатыр. Оның бәрі көмірден, әрине. Сондықтан егер толықтай газға көшетін болса, бұл мәселе толық болмаса да жартылай шешіледі.
Астанадағы энергетикалық қазандықтардың сегізі әлі де көмір жағып отыр. Сондықтан қыста, әсіресе жел болмаған күндері, Астана әліге дейін түтінге оранып отыр. Газға көшкенде бұл мәселе толықтай болмаса да, жарым-жартылай шешіледі. Себебі осыған дейін ауаның құрамында жиналған қалқымалы бөлшектердің концентрациясы бар. Мысалға, Алматыда қазіргі уақытта PM2,5 қалқымалы бөлшектерінің концентрациясы Қазақстандағы шекті нормадан бес есе жоғары. Яғни, осыған дейін шыққан ластаушы заттар ешқайда кетіп қалмайды. Ол қоршаған ортада жинала береді. Сондықтан Алматының географиялық жағдайын ескеріп, Қытайда, басқа елдерде бар үлкен бір фильтрлер қойып, қаланың ауасын тазарту керек деген идеяларды жүзеге асыру керек шығар.
Азаттық: 2020-21 жылдары коронавирус пандемиясы кезінде көлік қатынасы шектеліп, Алматының ауасы біраз тазарды деп жатты. Қалада көлік өте көп, өзіңіз білесіз. Ауа тазалығында оның үлесі қандай?
Лаура Мәлікова: Ауа тазалығын талқылаған кезде ауа қандай заттармен ластанып жатқанын қарауымыз керек. Жалпы тоннамен емес. "Шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томы" деген құжатта солай жасап қойған. Автомобильден шығып жатқан NOx-тарды (азот оксиді), CO-ны (көміртек оксиді) бәрін бір-біріне қосқан. Сосын көмір жаққанда шығатындарды бір-біріне қосқан. Сөйткен де, демек, "автомобильден көп тонна шығып жатыр, автомобиль – бірінші ластаушы көз" деп жазып қойған. Бұл әдістеме тұрғысынан да, ғылым тұрғысынан да мүлде дұрыс емес.
Ауаның ластануын талқылаған кезде әр ластаушы заттың түрін бөлек қарастыруымыз керек. Біз кешкі, таңғы уақытта көретін ауадағы сұр түс – PM2,5 қалқымалы бөлшектері. Бұл бойынша ең басты ластау көзі – көмір жағатын нысандар. Бұл – жылыту қазандықтары, моншалар, жеке сектордағы көмір жағатын үйлер. Сосын дизельмен жүретін жүк көліктерінен де аз мөлшерде PM2,5 қалқымалы бөлшектері шығады.
Келесі ластаушы – күкірт оксидтері. Сарғыш реңк береді. Ол да көмір жаққаннан шығады. Тағы бір ластаушы – көміртек монооксиді, CO. Көміртек және азот оксидтері барлық жағатын ластау көздерінен шығады. Ол көмір жаққаннан да шығады, бензин жаққаннан да шығады, дизель мен газ жаққаннан да шығады.
Бензапирен, азот оксиді, көміртек монооксидіне келгенде, мұның ең бірінші ластау көздері – автокөліктер. Пандемия наурыз, сәуір, мамыр айларына келді ғой. Ол кезде жылыту қазандықтарының көмір жағу көлемі азаяды. Сосын автокөліктерге шектеу қойылды. Ол жерде бірнеше фактор болды. Ал Алматы халқы "ол автокөліктен екен" деп шықты. Егер де пандемия қаңтарда, нағыз қақаған суықтың кезінде болғанда, автокөлікке қанша шектеу қойсаң да, бәрібір сондай тұмша тұрар еді. Себебі ең ластаушы көз – көмір.
"ЭКОЛОГИЯҒА ҚАЛДЫҚ ПРИНЦИПІМЕН ҚАРАЙДЫ"Азаттық: Теміртау, Қарағанды, Өскемен сияқты қалалардың маңындағы ірі зауыттарды алыстау жерге көшіру туралы шешімі қабылданады деу қиын, дегенмен эколог ретінде сіз қандай шешім ұсынасыз? Бұл қалалардың халқы не істеуі керек?
Лаура Мәлікова: Болмайды деген нәрсе жоқ, барлық нәрсе болады. Бір мекемелерді бір елден екінші елге көшіріп жатыр. Қаланың сыртынан шығармақ түгіл. Өскеменде халық денсаулығына зиян келтіріп отырған ең ластаушы зат -- күкірт оксиді мен күкіртсутек. Олардың фондық концентрациясы шекті нормадан алты есе жоғары. Бұл дегеніңіз зауыт бүгін тоқтап қалса да, әлгі заттар ауада қала береді дегенді білдіреді. Өскемендіктер тамағымыз күйіп жатыр, астмаға шалдығып жатырмыз деп шағынып жатыр. Бұл күкірт оксиді мен күкіртсутектен болып жатыр.
Ол – бедеулікке, қан айналымының ауруларына алып келетін өте зиян ластаушы заттар. Осы ластаушы заттар Өскемен халқының денсаулығына күндіз-түні әсер етіп жатыр.
Өскеменде тұратын халықтың денсаулығы маңызды ма, әлде "Қазмырыш" төлеп жатқан тиын-тебен маңызды ма? Шешімді осындай көзқараспен қабылдау керек. Өскеменде қазір 300 мың адам тұра ма, алдағы уақытта бұл әлеуметтік салада мемлекетке үлкен жүк болады. Олар ертең мүгедек болады, еңбекке жарамсыз болады, оның бәрі ертең мемлекеттен жәрдемақы талап етеді. Алдағы 10-20 жылдық уақытта ол мемлекетке үлкен шығын алып келеді. Сол бір "Қазмырыштың" тиын-тебені үшін. Ол – дұрыс емес саясат.
Азаттық: Ауа сапасы Орталық Азияның Бішкек пен Ташкент сияқты халқы көп өзге қалаларында да нашарлап жатқаны байқалады. Биліктің ауа сапасына дұрыс көңіл бөлмеуі немесе мәселені шеше алмауы неден туындап отыр?
Лаура Мәлікова: Бірінші мәселе – Совет одағынан шыққан адамдардың билікте отыруы. Совет одағында экологияға қалдық принципі бойынша қарады. Қалаған жеріне зауыт салып, қалаған жеріне жылу электр орталығын салып, ластаушы заттарды тікелей өзенге тастап, бүкіл Арал теңізін құрғатып мақта мен күріш еккен. Сондықтан Орталық Азия елдеріндегі экологияға деген қарым-қатынас биліктегі адамдардың басындағы қарым-қатынастан басталады. Соны өзгерту керек. Ол үшін заң шығарушы және атқарушы билікке сол саланың мамандары келуі керек.
Астананың, Алматының, Шымкенттің әкімдері, облыс әкімдері президенттің алдына барғанда жұмыссыздық деңгейі, тартылған инвестиция, салынған үй мен мектеп және аурухана жөнінде есеп береді. Болды. Ал аурухананы не үшін саламыз? Өйткені экологиялық мәселелер шешілмей, соның салдарымен күресіп жатырмыз. Егер экологиялық мәселелерді түбімен шешетін болсақ, денсаулық сақтау саласындағы шығындарды бірнеше есе азайтуға болады.