Darkhan Juzz: музыка арқылы сөйлеген тағдыр
Darkhan Juzz (шын есімі — Дархан Жүнісбеков) 1991 жылғы 9 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол жасөспірім шағынан-ақ, шамамен 16–17 жасынан бастап, шығармашылыққа жақын екенін сезініп, өзін әртүрлі бағытта сынай бастайды. Өскен ортасы — Алматының Ақсай ықшамауданы — оның дүниетанымы мен өмірге көзқарасының қалыптасуына айрықша әсер етті.
Дархан бұл ауданның әлеуметтік ахуалын, тұрғындардың күнделікті тұрмысын, материалдық теңсіздік пен ортада кездесетін жағымсыз құбылыстарды ерте байқаған. Алғашында ішкі толғанысын жеке күнделікке жазып, сурет салу арқылы жеткізгісі келеді. Алайда уақыт өте келе, жан дүниесін толық әрі шынайы аша алатын ең басты құрал — өлең екенін түсінеді.
...