Әзербайжан соты сепаратист құрылымның бұрынғы бес басшысын өмір бойына түрмеге қамады
Бакудің әскери соты халықаралық қауымдастық мойындамаған "Таулы Қарабақ республикасы" (ТҚР) басшыларына шығарылған үкімді жариялай бастады. Бұл туралы Азаттық радиосының Әзербайжан қызметі (Азадлығ) мен Azertac агенттігі хабарлады.
Сот келесі бес адам өмір бойына түрмеге қамалсын деп үкім шығарды:
өзін-өзі жариялаған "Таулы Қарабақ республикасының" бұрынғы президенті Араик Арутюнян;ТҚА армиясының бұрынғы қолбасшысы Левон Мнацаканян;қолбасшының бұрынғы орынбасары Давид Манукян;ТҚР парламентінің бұрынғы спикері Давид Ишханян;ТҚР сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшысы Давид Бабаян.Ал сепаратистік ТҚР-дің тағы екі бұрынғы президенті – Аркадий Гукасян мен Бако Саакян 20 жылға сотталды. Әзербайжанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, үкім шығарылған сәтте екеуінің жасы 65-тен асқандықтан, оларға өмір бойына түрмеге қамау жазасы қолданылмаған.
Мадат Бабаян мен Меликсет Пашаян – 19 жыл, Гарик Мартиросян – 18 жыл, Давид Аллахвердян мен Левон Балаян – 16 жыл, ал Василий Бегларян, Гурген Степанян және Эрик Казарян 15 жыл мерзімге бостандығынан айырылды.
Үкім жариялау жалғасып жатыр. Іс бойынша барлығы 15 адамға айып тағылған. Бұлардың бәрі 2023 жылы Қарабақ аумағы Әзербайжанның әскери операциясынан кейін Бакудің қоластына қайтарылған соң ұсталған. Оларға тағылған айыптар қатарында агрессиялық соғыс дайындау және жүргізу, соғыс заңдары мен ережелерін бұзу, геноцид, терроризмді қаржыландыру, билікті күшпен басып алу және адам өлтіру айыбы бар.