АҚШ мұнайы Еуропада Ресей мұнайына бәсекелес бола бастады
Thomson Reuters-тің мәліметінше, америкалық өндірушілер 2018 жылдың алғашқы төрт айында Еуропаға 7 миллион тонна мұнай экспорттаған. Сәуір айындағы экспорт көлемі 2,2 миллион тоннаны құрап, рекордтық көрсеткішке жетуі тиіс.
Еуропада АҚШ мұнайын негізінен Италия, Ұлыбритания және Нидерланд импорттайды. Польшадағы мұнай өңдеуші компаниялар америкалық мұнайды сынақтан өткізіп жатыр.
Сарапшылардың сөзінше, америкалық энергетикалық ресурстарды импорттауға қызығушылық АҚШ мұнайының бағасы арзандау болғандықтан артып отыр. АҚШ мұнайының бағасы тасымалдау шығынын қоса есептегеннің өзінде Brent маркалы мұнайға бәсекелес бола алады.
Сонымен қатар, мұнай бағасы салыстырмалы түрде алғанда жоғары болып тұрғандықтан тақтатастан мұнай алатын америкалық өндірушілер өндіріс көлемін арттырып, біраз табыс түсіріп отыр. Ресми болжам бойынша, 2018 жылы АҚШ-та мұнай өндіру көлемі 620 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Ресей мен Сауд Арабиясында да шамамен осындай мөлшерде мұнай өндірілмек.