Таиланд шекарадағы қақтығыстан соң Камбоджаны бомбалады
Таиланд 8 желтоқсанда Камбоджаға әуе шабуылын жасады. Бұл оқиғаға екі ел шекарасындағы қақтығыстар себеп болды. Тараптар АҚШ президенті Дональд Трамптың араағайындығымен жасалған бітім жөніндегі келісімді бұзды деп бір-бірін айыптады.
Таиландтың әуе күштері Камбоджа ауыр қару-жарақты жұмылдырды, әскери бөлімшелерін қайта орналастырып, қосымша күштер дайындады деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұндай іс-қимыл әскери шиеленіске әкелуі мүмкін. "Бұл оқиғалар бізді Камбоджаның әскери әлеуетін тежеу және әлсірету мақсатында әскери авиация қолдануға мәжбүр етті", – деген Таиланд әскери басшылығының мәлімдемесінен Reuters агенттігі үзінді келтірген. Қақтығыс барысында кемінде бір тай сарбазы қаза тауып, сегіз жауынгері жараланған.
Камбоджа қорғаныс министрлігі тай әскері бірнеше күн бойы арандату іс-әрекеттерін жасағаннан кейін таң ата екі жерден шабуылдады деп хабарлады. Министрлік камбоджалық әскери бөлімдер шабуылға жауап қатқан жоқ дейді.
Камбоджаның бұрынғы жетекшісі, қазіргі премьер-министр Хун Манеттің әкесі Хун Сен тай әскерін "басқыншы" деп атап, олар қарымта қайтарсын деген пиғылмен арандатуға тырысып жатыр деді және ел әскерін барынша сабыр сақтауға шақырды.
Таиландтың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін ел билігі мұндай жағдайларда үкімет әскери операциялар жүргізуді көздейтін кеңес қаулысына сәйкес әрекет ететін болады деп мәлімдеді.
Бұған дейін Камбоджа мен Таиланд арасында шекарадағы қақтығыс биыл шілде айында екі тай сарбазы минаға түсіп қаза тапқаннан кейін болған. Таиландтың әскери әуе күштері қарымта ретінде F-16 жойғыш ұшақтарымен Камбоджа аумағына әуеден шабуылдаған.
Қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамптың араағайындығымен екі тарап барлық әскери әрекеттерді тоқтатуға және көршілес ел ретінде тату қарым-қатынас орнатуға міндеттейтін декларацияға қол қойған. Таиланд 18 камбоджалық әскери тұтқынды босатуға уәде еткен, ал Камбоджа шекара маңынан ауыр артиллериясын әкете бастауға тиіс болатын. Бітімнің орындалуын малайзиялық бақылаушылар қадағалауға тиіс еді.