Германияда қаза болған бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі ұсталды
Мәскеуде Германияда қаза болған бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі ұсталды. Бұл жөнінде марқұмның бауыры Қанат Сайлыбаев пен адвокат Мұрат Адам хабарлады.
Олардың сөзінше, Александр Донцов пен Наталья Донцова Мәскеуде 23 желтоқсанда ұсталған. Қазіргі кезде оларды елге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр. Ақпаратқа қарағанда, дипломатиялық процедураларға байланысты және ұсталғандарда бірнеше азаматтық болуына орай процесс созылуы мүмкін.
Айгуль Сайлыбаева күйеуі және баласымен бірге Германияда бірнеше жыл бойы тұрған. Экс-судья былтыр маусымда байланысқа шықпай қалған. Оның жоғалып кеткеніне алаңдаған туыстары Қазақстанның Франкфурттағы бас консулдығына қайырылған. Туыстары оның тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегуі мүмкін екенін айтқан.
Екі аптадан кейін, 16 маусымда ол Германияның Бенсхайм қаласы маңынан өлі күйде табылды. Марқұмның денесінде пышақ жарақаты болған.
Неміс құқық қорғаушылары Наталья Донцованы негізгі күдіктілердің бірі ретінде қарастырған. Тергеу дерегінше, ол Айгүл Сайлыбаева жоғалған күні Германиядан кеткен.
2025 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан ішкі істер министрлігі Наталья Донцова мен Александр Донцовқа халықаралық іздеу жариялаған. Қазір бұрынғы судьяның өлімін Германия полициясы тергеп жатыр.