Колумбияда ұшақ апатынан танымал әнші мен музыканттар қайтыс болды
Колумбияда танымал әнші Йейсон Хименес және оның музыкалық ұжымының мүшелері әуе апатынан қаза тапты. Қаралы хабарды елдің Азаматтық авиация басқармасы X әлеуметтік желісінде естіртті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
Жеке ұшақта алты адам - ұшқыш, екінші ұшқыш және төрт жолаушы болған. Әуе кемесі Пайпа қаласындағы Хуан Хосе Рондон аэродромы маңында апатқа ұшырады.
Қайғылы оқиға 10 қаңтарда жергілікті уақытпен шамамен 16:00-де болған. Ұшақ ұшып көтерілу кезінде жылдамдық жинап, жерден көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Кейін аударылып, өртке оранған.
El Tiempo мәліметінше, Хименес апатқа дейінгі күні Малага қаласында өнер көрсетіп, демалу үшін Пайпаға барған. Ол Медельин әуежайына жету үшін жеке ұшақ жалдаған, одан әрі келесі концерті жоспарланған Маринильяға ұшпақ болған.
Йейсон Хименес 1991 жылғы 26 шілдеде Мансанарес қаласында туған. Ол шамамен 70 әннің орындаушысы әрі авторы ретінде танылған. Әсіресе Aventurero, Tenías Razón, Ya no mi amor және басқа да туындыларымен кеңінен танымал болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!