Таиландта теңізде екі кеме соқтығысып, Орталық Азиядан барған туристер зардап шеккен
11 қаңтар күні Таиландта, Андаман теңізіндегі Пхукет аралы маңында теңізде оқыс оқиға болған. Туристер отырған ұшқыр шағын кеме балық аулайтын кемемен соқтығысып, салдарынан шетелдік қонақтар мінген кеме едәуір зақымданып, жартылай суға батқан.
Жергілікті биліктің дерегінше, туристер мінген кемеде 52 жолаушы және экипаждың 3 мүшесі болған. Жолаушылар арасында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша және Ұлыбритания азаматтары бар.
БАҚ жазуынша, теңіздегі апат салдарынан 18 жастағы Ресей азаматы қаза тауып, тағы 20-дан астам адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі туристер мінген кемеде Қазақстанның сегіз азаматы болған деп хабарлады. Бәріне медициналық көмек көрсетілген, зардап шеккен үш қазақстандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайын тұрақты деп бағалаған.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі де теңізде апатқа ұшыраған кемеде екі қырғыз азаматы болғанын растады. Олар зардап шекпеген, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, ауруханаға жатудан бас тартқан. Қырғызстан азаматтары 15 қаңтарда елге оралмақ.
Ал Өзбекстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы әзірге ресми ақпарат болған жоқ.
Таиланд билігі апаттың себептерін анықтау үшін тергеу бастаған. Апатқа байланысты бірнеше нұсқа, солардың арасында кеме жылдамдығын шектен тыс асырып жіберген, навигациядан қателіктер кеткен және теңіздегі ауа райы қолайсыз болған деген нұсқалар да тексеріліп жатыр. Кей деректерге сәйкес, теңізде биіктігі екі метрге дейін жеткен толқындар бір-біріне тақап келген кемелерге апаттан жалтарып кетуге айтарлықтай кедергі келтірген.