Қазақстанның оңтүстігінде 22 жасөспірім ауруханаға түсті. Полиция тергеу жүргізіп жатыр
Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиындарына келген 22 жасөспірім ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 21 қаңтарда сағат 22:40-та Қызылорда облысынан күрес бойынша оқу-жаттығу жиындарына келген 12–17 жас аралығындағы 22 жасөспірім Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына "Тұран" демалыс аймағынан жеткізілген.
"Алдын ала қойылған диагноз этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит. Аурудың себебін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынды, қазіргі уақытта зерттеу нәтижелері шыққан жоқ", - делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы жеңіл деңгейде, балалардың жалпы хал-жағдайы қанағаттанарлық, барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру шараларын жүргізіп жатыр.
Анықтама: этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит - асқазан мен ішектің қабынуы, оның нақты себебі әзірге белгісіз. Бұл дерт диарея, құсу, іштің ауыруы, жүрек айну сияқты белгілермен сипатталады. "Этиологиясы анықталмаған" дегеніміз аурудың себебі (вирус, бактерия, улану немесе аллергия) әзірге нақтыланбағанын білдіреді.
Аталған дерек Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелген. Уәкілетті органдардың тексеру нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Ведомство мәліметінше, демалыс аймағында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы болған. Олар медициналық тексеруден өтті, ауру белгілері анықталған жоқ, алдын алу шаралары жалғасып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!