Ақтаудағы сауда орталығында қыз соққыға жығылды
Ақтаудағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жанжал болып, салдарынан қыз зардап шекті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде бір күн бұрын тараған. Оқиға өткен жексенбі күні кешке болғаны айтылды.
"Куәгерлердің айтуынша, қыз фотобудкада суретке түсіп тұрған кезде бір топ ұлдар оған кедергі келтіре бастаған. Жасөспірімдер ішке кіріп, пердені тартып, жанжал туғызған. Көп ұзамай жағдай төбелеске ұласып, қызды бірнеше бала жабылып ұрған", - деп жазады басылым.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Кәмелетке толмаған балалар және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналған.
"Жасөспірімдердің бірінің анасы балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін тиісінше орындамағаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп түсіндірді басылым.
Аталған дерек бойынша материал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданып, тиісті шаралар қабылданады. Жасөспірім профилактикалық есепке қойылып, онымен және оның отбасымен жұмыс жалғасатыны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!