Тоқаев қолданыстағы Конституцияға баға беріп, Назарбаевтың үлесін де сөз етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Конституцияның маңызы мен тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесін де сөз етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
️Президенттің пікірінше, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды.
"Кейінгі 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың сөзінше, бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн.
"Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды. Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды", - деді Президент.
Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр.
"Кейінгі жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды", - деді Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!