Хегсет Иранға қарсы операция "шексіз соғысқа" айналмайтынын айтты
АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы 2003 жылғы Иракқа басып кірген кездегідей "шексіз соғысқа" айналмайды деп мәлімдеді Пентагон басшысы Пит Хегсет "Эпикалық қаһар" операциясының үшінші күні Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында.
АҚШ өткен сенбіден бері Израильмен бірлесіп Иранға әуе шабуылын жалғастырып жатыр. Иран қарымта ретінде Израильге және АҚШ базалары орналасқан өңірдегі елдерге зымыран мен дрон атқылады.
Хегсет АҚШ-тың Иранға құрлық әскерін кіргізу жоспары жоқ және Ирактағыдай елді оккупациялап, онда демократиялық институттар құруға тырыспайды деді. Ол Иранға қарсы операция қашан аяқталатыны туралы шешімді президент Дональд Трамп қабылдайтынын айтты.
Дүйсенбі күні кешке Вашингтонда сөйлеген сөзінде Трамп Иранға қарсы операция Тегерандағы режимнен туындайтын қауіптер толық жойылғанға дейін жалғасатын болады деп мәлімдеді. Ол Иранда Еуропаға жете алатын баллистикалық зымырандар бар және Америкаға дейін жететін зымыран әзірлеумен айналысқан деді. Трамп операция жоспардағыдан озық жүріп жатқанын, бірақ қажет болған жағдайда бұрын айтылған төрт аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Трамп АҚШ операциясының мақсаттарын да атады – Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларын жою, сонымен бірге оны АҚШ-ты жау көретін шетелдік ұйымдарды қолдау мүмкіндігінен айыру.
АҚШ қарулы күштері Біріккен штаб бастықтары комитетінің басшысы генерал Дэн Кейн соғыс "бір түнде аяқталмайтынын" және операция мақсаттарына жету үшін белгілі бір уақыт қажет болатынын айтты. Ол Таяу Шығысқа жаңа америкалық бөлімшелер келіп жатқанын растады.
Бұған дейін президент Трамп Иранға қарсы әуе шабуылдары шамамен төрт аптаға созылуы мүмкін деген еді. Хегсет ұрыс қимылдарының мақсаты ретінде Иранның әскери инфрақұрылымын, соның ішінде теңіз флоты мен зымырандарын жоюды атады.
Пентагон басшысының сөзінше, шабуылдар Тегерандағы билік режимін ауыстыру мақсатын көздемейді, алайда Иранның көптеген жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін режим "сөзсіз өзгерген".
Хегсет сондай-ақ мұндай ауқымдағы әскери іс-қимылдар шығынсыз болмайды деді. Дүйсенбі күні АҚШ күштерінің Орталық қолбасшылығы Иранның шабуылдары салдарынан тағы бір америкалық әскери қызметкер қаза тапқанын растады . Осылайша қазірге дейін "Эпикалық қаһар" операциясы барысында төрт америкалық сарбаз қаза тапқан. CNN мәліметінше, жараланған жауынгер саны 18-ге жеткен.