Астана–Алматы тас жолында жол апатынан бір адам қаза болды, үш адам жарақаттанды
Қарағанды облысында Астана – Алматы тас жолында автобус пен жүк көлігі соқтығысып, бір адам қаза болды, үш адам жарақаттанды. Бұл жөнінде eKaraganda.kz сайты жазды.
"21 наурызда шамамен сағат 5-те Астана – Алматы автожолының 747-автожолында Сарышаған ауылы аумағында Жамбыл облысының шекарасынан 3 шақырым жерде жол апаты болды.... Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 49 жастағы автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, сол бағытта жол жиегінде тұрған Volvo жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатының салдарынан бір адам оқиға орнында қаза болды. Тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды" деп жазды сайт.
Ақпаратқа қарағанда, жол апаты болған кезде автобуста 33 жолаушы болған.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.
2022 жылы – 2425 адам;
2023 жылы – 2543 адам;
2024 жылы– 2579 адам
2025 жылы – 2,5 мың адам қаза болған.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр елде 36 мыңнан астам жол апаты болған. Апаттан 51 мыңнан астам адам зардап шеккен. Апаттардың көбі Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстарында болған.