Ресейдегі жанжал: жұмысшылар қалашығында не болды? Ондағы қазақстандықтар не дейді?
Ресейдің Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында ірі төбелес болды. Қазақстан СІМ ауыр жарақаттанғандар арасында қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Желіде жұмысшылардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тарады. Азаттық сондағы жұмысшылардың бірімен сөйлесті.
УСТЬ-ЛУГА ВАХТАЛЫҚ АУЫЛЫНДА НЕ БОЛДЫ?
Ресейдің Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында ірі төбелес болды. Оған қазақстандықтардың қатысқаны ресми түрде расталды. Жанжал жөнінде ақпарат алғаш әлеуметтік желіде пайда болды.
Видеолардың бірінде бір көліктің жоғары жылдамдықпен жұмысшылар арасынан жүйткіп өткені байқалады.
Тағы бір видеода форма киген ер адамдардың адамдарды көлікке күшпен итеріп жатқаны көрінеді.
Оқиға "Велестрой" компаниясына тиесілі нысанда болған. Жанжалға не түрткі болғаны белгісіз. Кей ақпаратқа қарағанда, жанжалға "Велесстрой" компаниясы жалдаған жұмысшылардың бірінің күзетшілермен төбелесуі себеп болған. Аталған компания жұмысшыларының арасында қазақстандықтар да бар.
Оқиға орнына Росгвардия мен ОМОН жетіп, төбелеске қатысушыларды ұстаған.
Ленинград облысы полициясының хабарлауынша, "шетелдік вахта жұмысшылары мен жүк портының күзетшілері тұрмыстық сипатта "Велесстрой" компаниясының алаңында төбелескен". Жанжал кезінде автобус бүлінген.
Полиция бөліміне 31 шетел азаматы жеткізілген, 16-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. "Бұзақылық" және "Мүлікті қасақана бүлдіру" баптары бойынша іс қозғалған.
СІМ: АУЫР ЖАРАҚАТТАНҒАНДАР АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖОҚ
28 наурызда күндіз Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалға қатысты түсініктеме берді.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың сөзінше, 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында болған “тұрмыстық сипаттағы оқиғаға Қазақстан азаматтары да қатысқан”. Жанжалға қатысушылар ұсталған.
“Қолдағы мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатуды қажет ететін тұлғалар жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында” деді Ерлан Жетібаев.
Оның айтынша, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы оқиға орнына барып, "Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, барлық жағдайды нақтылап отыр".
СІМ өкілдері Санкт-Петербург пен Ленинград облысының полициясымен байланыста отырғанын хабарлады. СІМ компания басшылығы мен Ресейдің ресми органдарына сұрау жіберген.
"КЕМІНДЕ ЕКІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АУЫР ЖАРАҚАТТАНДЫ"
Ленинград облысындағы жұмысшылар қалашығында тұрып жатқан қазақстандықтардың бірі Азаттыққа оқиғадан кемінде екі қазақстандық ауыр жарақаттанғанын айтты. Ол қысымға ұшырауы мүмкін екенін айтып, аты-жөнін айтпады. Ол Азаттық тілшісіне видеомен қосылып, өзінің жұмысшылар қалашығында жүргенін көрсетті.
Оның сөзінше, жұмысшыларды күштеп көлікке отырғызып жатқаны көрінетін видео 7002 қалашығында болған. Ол көлік жүйткіп өткенде жарақаттанған екі жұмысшының ауыр жарақаттанғанын, бірінің ес-түссіз жатқанын жеткізді.
"Мұнда жарақаттанғандар бар. Белден төмен, қол-аяғы сынып кеткендері де бар... Рөлде отырған адамды соттаймыз деп айтады, бірақ оған күмәніміз бар. Бір құдай біледі. Ертең көрген балалар арыз жазсын депті" дейді ол.
Ол аймақта полиция бәсең қимылдап жатқанын айтып, жағдай әлі тыншымағанын жеткізді. Оның сөзінше, ұсталғандар 41 адамға жеткен болуы мүмкін.
Азаттық әзірге бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмады.
28 наурызда Азаттық тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевқа WhatsApp желісі арқылы жоғарыда айтылған жайттарды хабарлап, сауал жіберді. Әзірге жауап келген жоқ.
"КЕШЕДЕН БЕРІ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ"
Қазақстандық Нұрсұлу Тушкеева Masa.media сайтына жанжал болған Усть-Луга портында істейтін 22 жастағы ұлы Берікқали Бекназар мен 35 жастағы бауыры Рустам Баймурзиннен хабар үзілгенін айтқан. Ол жақындарының жағдайына қатты алаңдайтынын жеткізген.
"Оларды алып кеткенін білемін. Біз күн сайын кешке хабарласып тұратынбыз, кеше кешке байланысқа шықпай қалды. Бүгін таңертең оларды алып кеткенін естідім. Ұлым жақында ғана сол жаққа кеткен еді. Оның жасы 22-де. Өз басым сондағы туыстарымен байланыса алмай отырған кемінде 15 қазақстандықты білемін. Елшілік өкілдері жағдайдан хабардармыз деді, болды. Ешкім ештеңе білмейді" деді ол.
Қазақстан СІМ-нің ресми хабарламасында ешқандай сан келтірілмеген.
"Велесстрой" – мұнай-газ, электр энергетикалық кешен, өнеркәсіп пен азаматтық құрылыс саласына маманданған ірі ресейлік құрылыс мердігерлік компания. Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Ресейдегі барлық 120 нысанда шамамен 30 мың адам жұмыс істейді.