Адвокат: Оразалы Ержановтың ісі бойынша тергеу аяқталды
Қазақстандық қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Бұл жөнінде "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко хабарлады.
Ол адвокат Виталий Вороновтың сөзіне сүйенген.
"27 наурызда мені және өзім қорғап отырған азамат Оразалы Ержановты тергеуші шақырды. Сағат 17.00-де бізге қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлап, іс материалдарымен танысуды ұсынды" деп журналист адвокаттың өзіне жіберген хабарламасынан үзінді келтіреді.
Адвокаттың айтуынша, ол іс материалдарымен танысып шыққаннан кейін "Ержановтың әрекетінде ешқандай қылмыстық құрам болмағандықтан" қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш берген.
"Тергеушіден өтінішті орындау немесе одан бас тарту туралы қаулысын күтеміз. Екінші жағдайда қорғау жағының шешімге қатысты қадағалаушы прокурорға шағым түсіруіне құқығы бар. Прокурордың шағымға қатысты шешімі шықпайынша іс сотқа берілмеуі керек" деп жазған адвокат.
Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша референдумға "ақылды бойкот" жасау жөнінде бастама көтергеннен кейін ұсталған.
26 ақпанға қараған түні Ержановтың үйінде тінту жүргізілгеннен кейін ол әуелі 10 күнге қамауға алынды. Полиция "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша" іс тергеліп жатқанын хабарлаған.
"Әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруды көздейтін өзге де мәліметтер қамтылған жарияланымдар анықталды" делінген полиция мәлімдемесінде.
Жақтастарының айтуынша, Ержановтың Facebook-тегі аккаунтынан оның Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткен.
5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауда ұстауға санкция берген еді. Ал 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесіне сот шешімімен ол абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.
Оразалы Ержанов – заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі.