«Адам математиканы ұнатпағаннан емес, мектеп бағдарламасын игермей қалғаннан түсінбейді»
Светлана Ромашкина, Власть, Данияр Мүсіровтың фотосуреті және видеосы
25 жастағы Евгений Солоницын Алматыдағы №134 лицейде жоғары сыныптарға математикадан сабақ береді. Блог жүргізеді — Инстаграмда 400 мыңнан астам жазылушысы бар және спортпен белсенді түрде шұғылданады.
«Власть» — inDrive компаниясымен бірлесіп, Қазақстан мұғалімдеріне арналған Bilim Faces жобасын жалғастырады.
Алматыдағы Жароков көшесінің бойында орналасқан ғимарат сырт көзге үлкен болып көрінеді, алайда мұнда екі оқу орны қатар тұр: №134 лицей және №135 мектеп, сондай-ақ балалардың оңалту орталығы мен Киокушинкай ассоциациясы бар.
Лицей директоры Айдар Буитовтың айтуынша, 600 бала оқуға тиіс мектепте 710 бала оқып жатыр. Бұған қоса, осында оқысам дейтіндер кезекте тұр. Көп адам бұл мектепте нақты бір педагог үшін келеді. Солардың бірі — математика мұғалімі Евгений Солоницын.
Директордың айтуынша, қазір мектепте алты жас мұғалім істейді. Қаладағы оқу орындары арасында математика, информатика, физика және басқа да пәндерден орысша сабақ беретін мұғалімдерге сұраныс жоғары. Буитов Евгенийді мектеп бренді деп атауға болады дейді: «Жас, заманауи мұғалімдерге сұраныс бар. Мұндай мұғалімдерді жекеменшік мектептер алып кетуге тырысады, өйткені олар бізге қарағанда жақсы ақы төлей алады. Бірақ ол жақтың да айтыла бермейтін кемшіліктері бар».
Айдар Буитов
Айдар Буитов лицей директоры болып биыл ғана тағайындалды. Евгений Солоницын туралы Тик-Токтан білген, бірақ оның №134 лицейде сабақ беретінін осында жұмысқа орналасқаннан кейін біліпті.
Оқу орнын таңдауда қателесу4 жастан 8 жасқа дейін Евгений ата-анасымен Алжирде тұрды, әкесі сонда жарылыс жасаушы инженер болып істеді. Евгений ағылшын және француз тілдерін үйренуді сол жақта бастады. Отбасы Алматыға оралғанда ол №105 лингвистика мектебіне түсті, мұнда тілді жақсы оқытқанымен, математикадан нашар болды.
«8-сыныпқа келгенде жаңа бір нәрсе байқап көргім келді. Анам бір күні №134 лицейдің жанынан өтіп бара жатып, кездескен балалардан жақсы мектеп пе деп сұраса, олар жақсы мектеп депті», — деп Солоницын гуманитарийден қалай математик болғанын еске алды.
Лицейге екінші рет тапсырғанда түсті: математикадан үлгерімін жақсарту үшін репетиторға баруына тура келді.
Лицейді бітіргеннен кейін Францияның Страсбург қаласына оқуға барғысы келді, бірақ отбасына қымбатқа түскендіктен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің радиотехника мамандығына түсті. Қалағаны бұл емес екенін ұзамай-ақ түсінді: «Қатты қателестім, жасөспіріммін ғой, ұға қоймадым. Бірақ сабақ берген ұнайтынын түсіндім».
Пандемия кезінде репетиторлықпен айналыса бастады, сол кезде барлығы онлайн оқуға көшіп, педагогтардың біразы бұған дайын болмай шықты. Шетелге көшіп кеткен бұрынғы отандастарымыздың балаларына да ағылшын және француз тілдерінде сабақ берді.
Қосымша машықтану үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетіне математика мұғалімі мамандығына түсті.
Кейін Страсбургке жол түсіпті. Ештеңеге өкінбейтінімді, бәрі осылай өрбігеніне риза екенімді түсіндім дейді.
Педагогикалық оқу орнын бітірген соң гранттың ақысын өтеу қажет болып, Солоницын өзі оқыған мектебіне оралды.
«Мен осында оқыдым, басқа қайда барайын? Үйімнің қасында. РФММ-ге барсам да, үйге жақын. НЗМ-ге шақырса, кешіріңіздер, Бағанашыл арқылы таңертең екі сағат, кешке екі сағат жүру керек. Бұл, әрине, жақсы мектеп, бірақ мен қала ішінде ұзақ жол жүргім келмейді деп жауап берер едім».
Келесі оқу жылында Евгений РФММ-ге ауысуы мүмкін, «бірақ әлі нақты емес, 80%»: «РФММ жөні бөлек. Ол жақта балалар өте сапалы іріктеуден өтеді, әріптестер өте кәсіби мамандар, бүкіл ел көлемінде үздік математика мұғалімдері жиналған деуге болады. Мен ол жаққа өзімді жетілдіру үшін бармақпын. Былайша айтсақ, бұл жерде математик ретінде тұралап қалғанымды байқаймын. Ал, ана жақта жаңа бір нәрсе көремін, балаларға ақпаратты көбірек беруге ынта болады, осының есебінен өзім де жетіле түсемін. Ал жекеменшік мектептерге барғым келмейді. 5–10 жылдан кейін жағдай қалай боларын кім білген? Уақыт өте келе адамдардың да пікірі өзгереді».
Евгений Солоницын жекеменшік мектептерге шақырту алса да, әзірге мемлекеттік мектепте қаламын деп шешті: «Иә, ол жақта айлық жоғары, бірақ мемлекеттік мектептің бір артықшылығы — қосымша мәртебең болады».
Шетелден де ұсыныс түсті — Дубайда ашылған жаңа мектеп 6 мың доллар еңбекақы ұсынды. Бірақ ол осында қала бергісі келеді, әкесі 70 жаста, сондықтан отбасымен бірге болғаны дұрыс.
Мектептегі жұмысына алдымен хобби деп қараймын дейді. Ақшаны репетиторлықтың арқасында тауып жүр, бұрын жеке сабақ өткізсе, қазір 5–7-сыныптардан құралған топтарды оқытады. Оның үстіне блогында жарнамадан табыс табады.
«Мен үшін мектепте жұмыс істеу — өзіңді тонуста ұстау, балалармен қарым-қатынас құру. Мектепте істемесем, блог та жүргізбес едім. Балалар көп идея береді, осыдан күш-қуат, бір нәрсеге ерекше көзқарас пайда болады».
Сабақтағы үш ережеЕвгений мектепке 23 жасында келді және бірден жоғары сыныптарға математиканы оқыта бастады. Сол кезде күзетшілер оны оқушы деп ойлап қалатын, сабаққа неге кешігесің деп сұрайтын. «Қазір түрің басқа дейді, барлық мұғалімнің жүзінен байқалып тұратын шаршау пайда болса керек, ересек адам екенім осыдан көрініп тұрады».
Біз 11-сыныптың сабағында отырмыз — Солоницын бұл балаларға үш жылдан бері сабақ береді. Биыл лицейде осы балаларды мектеп бітіруге дайындау үшін қалдым дейді.
Сыныпта 24 адам бар, бірақ сабақта жартысы ғана отыр. Математика деңгейі жоғары болғаны сонша, оқушыларға репетиторлық жұмыс деңгейіндегі жағдай жасау үшін сынып екіге бөлінген.
Жоғары сынып оқушылары тапсырмаларды ынтамен орындап, Евгений шешімін тақтадан көрсетіп жатыр, олар бір сабақтан кейін, яғни бүгін болатын бақылау жұмысына дайындалып жатыр. Бірақ басқа кабинетте болады. Солоницынның жеке кабинеті жоқ, балалармен бірге бөлмеден бөлмеге көшіп жүреді. Қазір, мысалы, информатика кабинетінде отырмыз.
Евгений сабақ үстіндегі тәртіп бірден ретке келген жоқ дейді: «Алғашқы жылы осы балалармен түсінісу ұзаққа, бір-екі тоқсанға созылды, мен оларды шулатпауға тырыстым. Ал тоғызыншы сынып оқушыларына екі аптада олардан күтетінімді, аса қажет болмаса шуламау керек екенін жеткізе алдым. Мен кірген кезде бүгін шулауға болатынын немесе болмайтынын бірден ұғады. Көңіл-күйім болмай тұрса, кезектен тыс өзіндік жұмыс жазу ықтималдығы артады. Сондықтан олар тыныш отырып тыңдайды».
Сабақ кезіндегі ереже қарапайым: бірінші — көшірмеу, екінші — дұрыс шешу, үшінші — бір-бірімен тату болу. «Егер осы үш ереже сақталса, дұрыс бағытпен жүреміз. Бір-бірінен сабақ кезінде бірдеңе сұраса, ол проблема емес. Дәптерге ұқыпты жазуға келсек, қалай жазғың келсе де өзің біл, бастысы дұрыс болсын, есепті шешкеніңді мен түсінетіндей болсын».
Педагог жасанды интеллектіні пайдалануға да қарсы емес. Оның айтуынша, Wolfram|Alpha жаман емес, DeepSeek тапсырманы жақсы шешеді, ал ChatGPT нашарлау орындайды. Үй тапсырмасын орындаған кезде Солоницын балаларға өзін ЖИ көмегімен тексеруге кеңес береді, бірақ БЖБ (білімді тексеретін емтихан — В. ескертпесі) кезінде көшіріп алу мүмкін емес екенін ескертеді.
«Үй тапсырмасына баға қоймаймын. Бұл алдымен өздеріңе қажет. Өзім университетте түрлі әдіске бардым, сондықтан бір нәрсеге тыйым салса, ол одан бетер өршіп кететінін жақсы білемін, бұл жерде еркіндік болғаннан кейін қатты құштарлық та байқалмайды».
Оның ойынша, бір жыл, жыл жарым уақыттан кейін бағдарламадағы кез келген тапсырманы шешуге болады, сыни пайым мен жасанды интеллект қолдану арасында тепе-теңдік болуы керек, басты проблема да осында жатыр.Солоницын Тик-Ток пайда болған кезде өсіп-жетілдім дейді, қазір сабақ беріп жүрген балалары да осы әлеуметтік желімен өсіп жатыр. Ал келесі ұрпақты жасанды интеллект өсіреді. Сол кезде қызық айырмашылық пайда болады.
Таудағы тапсырмаСолоницын педагог ретінде өзіне не жетпейтінін түсінеді: «Мен еріншекпін. Кейде топтық жұмыс жүргізуге болар еді. Ал менің жоспарым тым бірқалыпты: тақырыпты түсіндірдім, баяндадым, тапсырманы шешу мысалын көрсеттім. Балалар сабақта тақта алдында есеп шығарды, үйге тапсырма бердім, олар бекітті. Алуандық жетіспейтіндей. Бәлкім, түрлі интерактив ойындар, топтық жұмыстар, жоба жұмысы қажет шығар. Алайда әдісім онсыз да жүзеге асып жатыр. Балалар сынама ҰБТ тапсырып көрді, жыл ортасында балалардың жартысы 110+ балл жинады. Кейбірі жыл соңында да сонша жинай алмайды. Балалардың жартысында математикадан 40+ бар. Бұл тамаша нәтиже».
Евгений Солоницын өзін еріншек санаса да, оқушыларын тауға апарады, олармен бірге қызық тапсырмалар орындайды: мысалы, Медеудегі «денсаулық баспалдағының» және бұралаң жолдың еңістік бұрышын салыстырды, көтерілген кезде қайсына көп джоуль шығындалатынын есептеді. Мұздық көлемін, еңістік бұрышын, ағаш биіктігін есептеді.
Жақында 11-сыныпты Мәншүк Мәметова көліне апарып, сол жерде оқушылармен көл ауданын ойша өлшеді. «Видео әлі әзірленіп жатыр, өйткені сандар сәл сәйкеспей тұр. Есеп шығару үшін бармаймыз, ешкімді мәжбүрлемей, жай ғана: «Қараңдар, мына жерде мынадай нәрсе бар, осындай жолмен есептеуге болады», — деп айтамын.
Математикадан қапы қалмау11-сыныптан бір бала ғана математика тапсырмайды, қалғаны ҰБТ тапсырады және түрлі жоғары оқу орнына түседі. Солоницын сабақ бергенде тепе-теңдік сақтауға — формуланы ғана емес, сыни пайымдауды да үйретуге тырысамын дейді:
«Бұл жерде екі нұсқа бар деп айтамын: не формула, не ойлау. Формулаларды еске сақтағаннан гөрі ойлау дұрысырақ. Пайымдауға үйретуге тырысамын. Сабақ кезінде басты нәрсе тапсырма орындаумен шектелмейді, біреу түсінбей қалса, бір-біріне көмектесуге үйретемін. Біртіндеп балалар менен емес, көршілес отырған оқушыдан сұрайды, бір-біріне көмектеседі, соны көргенде риза боламын. Оқушылар арасындағы бірлік — менің еңбегімнің текке кетпегені. Өйткені олардың ең көп сабағы математика. Мұғалімдер арасында ең көп уақытын бірге өткізетін де мен».
Қазір ол репетитор ретінде 5-6-сыныпқа базалық білімді үйретіп жүр және оқушылар математиканың негізін толығымен түсінгенін қалайды. Мектепте 9-сыныпқа сабақ береді, оқушылардың игермей қалған тұсы бар, бірақ артқа қайырылып, оның орнын толтыруға мүмкіндік жоқ.
Сондықтан 5-6-сыныптарда математикадан қалмаған дұрыс дейді: «Бала бәрін шешіп жатырмын, бәрін түсінемін деп айтуы мүмкін, өзін алдауы мүмкін, ал кейін кеш болады. Бесінші, алтыншы, тіпті жетінші сыныпта бала көп нәрсені түйсіне бермейді, менің пайымдауынша, бұл 7-сыныптан кейін белгілі бола бастайды. Тапсырманы баланың орнына орындаудың қажеті жоқ, не болып жатқанынан хабардар болып жүру керек».
Отандық білім беру жүйесі туралы Солоницын былай дейді: «Жаңа әдістер кейде сіңіп кетеді, кейді сіңбейді, қазір ЖИ пайда болды, оның да әсер-ықпалы орасан. Бұл біздегі білім беру жүйесінің ғана емес, бүкіл ұрпақтың проблемасы секілді, сәтті жүзеге асатын жағдай тым сирек. Дәл қазір Сингапурде ЖИ толықтай енгізілді, көрдіңдер ме, біз барлығын ЖИ көмегімен шешіп жатырмыз дейді. Ал бізде білім беру жүйесін қатерге тігіп, балаларға — міне, телефон, міне, ChatGPT, тапсырманы осымен шешіңдер деп айту тым қауіпті сияқты. Бұл осы ұрпақтың мәселесі шығар. Эксперимент жасауға, тарих сағаттарын қысқартуға, қазақ тілі сағаттарын көбейтуге, математика сағаттарын алып тастап, информатика сағаттарын көбейтуге тырысып жатыр, яғни сынап көріп, өзгертіп жатыр».
Солоницын білім беру жүйесіндегі басты кемшілік мұғалімдердің еңбекақысының төмендігі және баланың бар жауапкершілігін мұғалімге арту деп санайды: «Бала мектептен кетіп қалса, ата-анасы оны алып кетпесе, бәрібір мұғалімге кінә артады: баланы ата-анаға тапсыруды қадағаламағаны үшін кінәлі болады. Мен сарапшы емеспін, жай ғана мұғаліммін, субъектив пікір білдіре аламын, ал мұндай жайттармен басқа адамдар айналысуы керек».
«Мектептен қалжырап келемін»Солоницынның Инстаграмда және Тик-Токта өте танымал блогы бар. Үнемі идея беріп отыратын, түсірілімге қатысатын оқушыларының арқасында видео жаза бастады.
Жақында химия мұғалімі Ұлан Үсеновпен және физика оқытушысы Хайдар Мырзахметовпен бірге мұғалімдер күніне ән жазды. Солоницын сыныпқа түсірілімге 6 оқушы қажет десе, 12 оқушы келген.
«Мәжбүрлеусіз, демалыс күні, ақысыз, жай қарау үшін, ортамызда болу үшін. Риза болдым. Кейін олар мектеп бітіреді, ересек адам болады, сонда да байланысты үзбейтін шығармыз деп ойлаймын. Репетиторлықпен айналысқанда араласқан оқушыларыммен де әлі байланысып тұрамын».
Қазір Евгений әлеуметтік желілерге арналған видеоны сирек түсіреді, өйткені қатты шаршайды.
«Өмірімнің 80 пайызы сабақ беруден, 20 пайызы спортпен айналысудан тұрады. 8.00–16.00 аралығында сабақ беремін, мектептен қалжырап келемін, бір-екі сағат ұйықтап аламын, сосын сабағымды оқытамын да, қайтадан ұйқыға жатамын».
Оның үстіне уақыт өте келе блогқа жаңа тапсырма ойлап табу қиындай түседі. Жақында Ұлан Үсенов деген әріптесімен бірге жаттығу залынан видео жаза бастады. Солоницын блогым сирек жаңартылып жүрсе де, сапалы, алуан түрлі бола түсті деп санайды.
Үсеновпен бір жыл бұрын Charity Ball кезінде танысты. Біртіндеп мүдделес мұғалімдерден құралған топ пайда болды: Хайдар Мырзахметов, Ботагөз Омарова осы қатарда. Евгений мұны шағын қауымдастық деп атайды.
«Бір-бірімізге видео жасауға көмектесеміз, қажет болса, камераны ұстап тұрамыз. Олар болмаса, өмірімде ешқашан ән салмас едім».
Видео астындағы пікірге адамдар Солоницынның арқасында математикаға қызыға бастағанын жиі жазып жатады.
«Адам математиканы ұнатпағаннан емес, мектеп бағдарламасын игермей қалғаннан түсінбейді. Балалар үш ай, жарты жыл ішінде түсінбей қалған жерін толықтай меңгеріп, әрі қарай өзі оқып кеткен жағдайлар болды. Жалған гуманитарий жоғалып, балалар математикаға дұрыстап ден қоя бастады. Математиканың бір ерекшелігі, екі апта оқымасаң, қуып жете алмай қаласың. Мүмкіндік жоғалады, қалған бағдарламаны меңгере алмайсың. Мектепте басқа мұндай пән жоқ. Математика сонысымен қиын».
Баланы ынталандыру өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес, математикадан үлгерімі төмен болғандықтан лицейден кеткен балалар болды: «Тоқсандық бағасы екі, жыл бойы екі алады. Үй тапсырмасын орындамайды, сабақ кезінде зерігіп жүреді, мұндай жағдайда учаскеңіздегі мектепке кетіңіз. Бұл ынталы балаларды жинайтын лицей, ал әлгіндей бала өзге оқушылардың ынтасын құртуы мүмкін».
Кездесу соңында Евгений Солоницын былай деді:
«Мен — математик емеспін, математика пәнінің мұғалімімін. Университетте математикадан супер білім алып шыққан жоқпын. Мектеп бағдарламасын, жоғары оқу орнының бір-екі курсын, тереңдетілген мектеп, тереңдетілген олимпиада бағдарламасын сәл білемін, бірақ математикада жаңа бір нәрсе ойлап таба алмаймын. Басқаша айтқанда, оқыған-тоқығаныңды өзге адамдар дәлелдеген, өзге адамдар ойлап тапқан».