“Еркіндік ақшадан қымбат“: ІІМ оқушылар мен студенттерге ескерту жасады
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс алдында мектеп оқушылары мен студенттерге үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ не туралы ескертті
ІІМ мәлімдеуінше, жаз мезгілінде интернетте және әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табыс табуға бағытталған "тартымды" ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов Қазақстанда есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салды.
"Бір ғана "жеңіл табыс" бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз. Саналы таңдау жасағаныңыз абзал. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды", - деп атап өтті Қуандық Әлжанов.
ІІМ есірткіге қатысты қылмыстар үшін жаза ең қатаң шаралардың бірі екенін және өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастыруы мүмкін екенін баса айтты.