Добавить новость
World News
Новости сегодня

Новости от TheMoneytizer

Мемлекеттен тегін жер: жеке қосалқы шаруашылық үшін учаске алу жолдары

Қазақстандықтар мемлекеттен тек жекеменшік тұрғын үй құрылысы (ЖТҮҚ) үшін ғана емес, сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) жүргізу үшін де жер алуға құқылы. Шарттары бірдей: өтінім беру, учаскені жалға алу және үш жыл ішінде үй салып, оны пайдалануға беру қажет. Содан кейін жер учаскесі меншікке тегін беріледі. Жалғыз айырмашылығы - кезекте жылдар бойы күтудің қажеті жоқ, өйткені билік бұл жерлерге инженерлік инфрақұрылым тартуға міндетті емес.
Tengri Home жер телімдері туралы және өтінімді қалай беру керек екенін анықтап көрді.
Қазақстанда қанша жер учаскесін тегін алуға болады?
Жер кодексінің 50-бабы 2-тармағына сәйкес, қазақстандықтар мемлекеттен жер учаскелерін жекеменшікке тегін ала алады: 

жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін - суарылмайтын жерлерде 25 сотық және суарылатын жерлерде 15 сотық;
жеке тұрғын үй құрылысы үшін - 10 сотық;
бау-бақша шаруашылығы, сондай-ақ саяжай құрылысы үшін - 12 сотық.

Жердің осы санаттарының әрқайсысын бір-ақ рет алуға болады. Жиынтығы - үш учаске. Ерекше жағдай - учаскелерді сауда-саттық арқылы сатып алу. Ақшаға шектеусіз мөлшерде жер сатып алуға болады.
ЖҚШ жерлері: учаске туралы нені білу керек?
Егер ЖТҮҚ үшін жер беру кезінде кезекке тұру және инфрақұрылымы тартылған құрылыс алаңдарын дайындау талап етілсе, ЖҚШ үшін учаскелер ауылдық елді мекен жерлерінен беріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, қалаларда емес, ауылдарда беріледі.
ЖҚШ-ға арналған жер учаскесі екі бөліктен тұрады:

үй маңындағы - ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, үй салу және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды салу, балық өсіру бассейнін орналастыру үшін;
далалық - тек ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде балық өсіру бассейндерін пайдалана отырып, акваөсіру өнімдерін өндіру үшін қолданылады.

Қарапайым тілмен айтқанда, үйді тек үй маңындағы жер теліміне салуға болады, ал егістік алқабында тек мал бағып, ауыл шаруашылығы мен аквамәдениетті өсірумен айналысуға рұқсат етіледі.

"Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскесі үлесінің түрі кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінде және жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжатында көрсетіледі", - делінген ҚР Жер кодексінің 102-бабында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті мәліметінше, жер телімдерін сол жер орналасқан әкімшілік бірліктің әкімдіктері береді. Мысалы, егер жер Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылында болса, онда өтінімді Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкімдігіне беру қажет. Сонымен қатар, болашақ мектеп, тұрғын үй кешені немесе саябақ салынатын орыннан үміткер болмас үшін, аумақтың нысаналы мақсатын ескеру қажет.

"Қалалар, кенттер, ауылдық елді мекендердің барлық жері олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларына (осы жобалар болған жағдайда) және аумақты жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады", - деді комитет Tengri Home сауалына берген жауабында.

Алдымен учаске жалға беріледі, ол үшін төлем жасау қажет болады.

"Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу (үй маңындағы үлес) үшін жер учаскелерін жекеменшікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүзеге асырылады. Игеру кезеңінде жер учаскелерін беру осындай жер учаскелерін игеру талаптары мен мерзімдерін белгілей отырып, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен жүзеге асырылады. Елді мекен шегінде объектілерді салу үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы кемінде үш жыл мерзімге беріледі", - деп нақтылады Жер ресурстарын басқару комитеті.

Бұл ретте жер учаскелері екі жағдайда мәжбүрлі түрде қайтарып алынуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн:

мемлекет мұқтажы үшін (егер бас жоспар немесе егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы өзгергеннен кейін билік жолды кеңейтуді, мектеп салуды және т.б. ұйғарса);
жер заңнамасын бұзған жағдайда (учаске нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса немесе үш жыл ішінде игерілмесе).

ЖҚШ үшін учаске алуға өтінімді қалай беруге болады?
Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін алуға өтінім беру бойынша нұсқаулықты Tengri Home-ға Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылдық округінің әкімдігі ұсынды.
1-қадам. elicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы жер учаскесін беру туралы өтініш беру: "Қызметтер" - "Жер қатынастары" - "Рұқсат қағаздары" - "Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар алу (1-кезең)" - "Жеке тұлғалар үшін қызметке онлайн тапсырыс беру".
ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға өтінімді қалай беруге болады. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
Жүйеге кіру үшін eGovMobile арқылы QR-кодпен авторизациядан өту немесе порталдың өзінде тіркелу қажет.
ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға өтінімді қалай беруге болады. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
2-қадам. Авторизациядан өткен соң, сұралып отырған жер учаскесі орналасқан жер бойынша әкімдікке өтінім беру керек.
ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға берілетін өтініш үлгісі. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
Өтініште мыналарды көрсету қажет:

жер учаскесін пайдалану мақсаты (ЖҚШ жүргізу);
жер учаскесінің болжамды орналасқан жері;
жер учаскесіне сұралып отырған құқық (уақытша жер пайдалану құқығы);
байланыс деректері.

ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға берілетін өтініш үлгісі. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
Өтінішке сұралып отырған жер учаскесінің схемасын қоса беру керек. Ол үшін жергілікті жерді зерделеу қажет (мысалы, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) сайты арқылы). Ауылдық жерден бос учаскені табу керек (бағдар ретінде - нысаналы мақсаты "жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін" деп көрсетілген жақын маңдағы учаскелерді алуға болады).
Жер учаскесі схемасының үлгісі. map.gov4c.kz/egkn сайтынан алынған скриншот
Сонымен қатар, жеке үй құрылысына берілмейтін аумақтарға тап болмау үшін, ауылдың бас жоспарын және сол ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын зерделеуге тура келеді.
Бос учаскені кадастрлық картадан скриншот жасау арқылы белгілеп алу қажет. Бұл өтінішке тіркелуі тиіс сұралып отырған жер учаскесінің схемасы болып табылады.
ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға берілетін өтініш үлгісі. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
3-қадам. Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе eGovMobile-дағы QR-код арқылы қол қою керек.
ЖҚШ үшін жер учаскесін алуға берілетін өтініш үлгісі. elicense.kz сайтынан алынған скриншот
Енді тек электрондық лицензиялау сайтындағы жеке кабинетті ("Менің өтініштерім") мезгіл-мезгіл тексере отырып, әкімдіктің шешімін күту ғана қалады.
ЖҚШ үшін учаске беру туралы өтініш қалай қаралады?
ЖҚШ үшін жер учаскесін беру қызметі екі кезеңде көрсетіледі.
Алдымен әкімдікте сұралып отырған жер учаскесінің мәлімделген нысаналы мақсатына (ЖҚШ) сәйкестігі зерделенеді. Содан кейін жер комиссиясы отырыс өткізіп, осы мәселе бойынша қорытынды шығарады және оны учаске беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдау үшін әкімдікке жолдайды. Бұл әдетте 12 жұмыс күнін алады.
Егер учаске шынымен бос болып шықса және аумақтық аймақтарға бөлу жоспарларына сәйкес келсе, өтініш берушінің жеке кабинетіне тиісті хабарлама жіберіледі. Осыдан кейін екінші кезең басталады.

"Екінші кезеңде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдау және сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу жүзеге асырылады. Қызмет көрсету мерзімі бекітілген жерге орналастыру жобасы түскен күннен бастап үш жұмыс күнін құрайды", - деп хабарлады Ақмол ауылдық округінің әкімдігі Tengri Home сауалына берген жауабында.

Жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту (ол жоқ болған жағдайда) өтініш берушінің өз мойнында. Ол үшін учаскенің нақты шекарасын белгілеу мақсатында геодезисті шақырып, топографиялық түсірілім жүргізу қажет. Бұл нарықтағы ақылы қызмет. 
Тек жерге орналастыру жобасынан кейін ғана жалдау құқығы ресімделеді, учаскенің шекарасы жергілікті жерде белгіленеді және сәйкестендіру құжаты беріледі.
Неге ЖҚШ үшін учаске беруден бас тартылуы мүмкін?
Учаске беруден бас тартудың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олардың саны айтарлықтай көп:

анық емес құжаттар мен мәліметтерді ұсыну;
өтініш берушінің немесе ұсынылған құжаттардың заңнама талаптарына сәйкес келмеуі - өтінімнің дұрыс толтырылмауы және т.б.;
мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті дербес деректерге қол жеткізуге келісімнің болмауы - өтініш беру кезінде тиісті келісімге қол қоймау;
өтініш берушінің заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған адамдар тізілімінде болуы;
бос жер учаскелерінің болмауы - мысалы, учаскенің іс жүзінде бос емес екені, бірақ кадастрлық картаға әлі өзгерістер енгізілмегені анықталуы мүмкін;
сұралып отырған учаскенің бас жоспарға немесе егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмеуі;
учаскенің ортақ пайдаланудағы жерлерде орналасуы;
учаскенің санитарлық-қорғау, су қорғау, табиғат қорғау немесе пайдаланудың ерекше шарттары бар өзге де аймақтарда орналасуы;
жер учаскесін беруге қатысты заңнамалық шектеулердің болуы;
өтініш берілген мемлекеттік органның тиісті өкілеттігінің болмауы - өтініштің мекенжай бойынша берілмеуі.

Сондай-ақ билік органдары мына жағдайларда ЖҚШ жүргізу үшін жер бере алмайды:

автомобиль жолдарының бөлінген жолақтарында;
ортақ пайдаланылатын жерлерде;
зираттар аумағында;
санитарлық-қорғау аймақтарында;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
инженерлік коммуникациялар орналасқан жерлерде;
басқа тұлғаларға беріліп қойған жер учаскелерінде;
су және орман қоры жерлерінде.

Дегенмен, тауы шағылмауы керек, басқа учаскелерге қайта-қайта өтініш беріп, бақ сынап көрген абзал.

"Заңнамада азаматтардың ЖҚШ жүргізу үшін жер учаскесін алуға жүгіну саны бойынша шектеулер белгіленбеген. ЖҚШ жүргізуге арналған жер учаскелері тек қана мемлекеттік бос қордағы жерлерден және аумақты жоспарлау құжаттамасында тиісті мақсаттар үшін қарастырылған, үшінші тұлғалардың құқықтарынан бос өзге де жерлерден беріледі", - деп нақтылады әкімдіктегілер.

ЖҚШ үшін жер учаскесін алғаннан кейін не істеу керек?
ЖҚШ үшін жер учаскесін (үй маңындағы жер телімі) алғаннан кейін оны игеруге үш жыл уақытыңыз бар. Үй салмас бұрын сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алу, эскиздік жобаны келісу және рұқсат құжаттарын алу қажет.

"Жер телімін беру туралы шешім алғаннан кейін өтініш беруші: жерге орналастыру жобасын әзірлеуді қамтамасыз етуі; жер телімінің шекарасын заттай белгілеуі; жер теліміне сәйкестендіру құжатын алуы; жер теліміне құқықты тіркеуі; жер телімін нысаналы мақсаты бойынша игеруге кірісуі қажет", - деп алгоритмді түсіндірді Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі.

Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркегені үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет болады.

"Жеке меншікке өтеусіз беру жер учаскесі игерілгеннен кейін жүзеге асырылады", - деп түйіндеді Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі.

Айта кетейік, жария кадастрлық картаның 2026 жылғы 15 маусымдағы мәліметтері бойынша, Бесағаш ауылдық округі бойынша ЖТҮҚ және ЖҚШ үшін учаске алу кезегінде 97 176 адам тұр. Сондықтан мегаполистерден алысырақ және бос жерлер көп жерлерді таңдаған тиімдірек. 
Егер сізге ЖҚШ үшін егістік алқабынан жер берілсе, онда үй салуға болмайды - тек ауыл шаруашылығымен айналысу керек. Егер жер телімі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, билік оны қайтарып алуға құқылы.
Және соңғысы: ЖҚШ үшін жер телімін мемлекеттен тегін тек бір рет қана алуға болатынын ескеру қажет. Оны сатып жібергеннен кейін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер алуға қайта өтінім беру нәтиже бермейді.
Авторы: Махаббат Енсебаева
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте


Smi24.net — ежеминутные новости с ежедневным архивом. Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. Абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть —онлайн с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии. Smi24.net — живые новости в живом эфире! Быстрый поиск от Smi24.net — это не только возможность первым узнать, но и преимущество сообщить срочные новости мгновенно на любом языке мира и быть услышанным тут же. В любую минуту Вы можете добавить свою новость - здесь.




Новости от наших партнёров в Вашем городе

Ria.city
Музыкальные новости
Новости России
Экология в России и мире
Спорт в России и мире
Moscow.media






Топ новостей на этот час

Rss.plus





СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *