Суды ағызып жібермей, ұстап қалу: Астананы нөсер жауған сайын су баспауы үшін не істеуге болады?
Осы орайда шілденің аяғында Астананы әбігерге салған нөсер мен бұршақ және екпінді жел бірден еске түседі. Небәрі жиырма минуттың ішінде елорданың орталық көшелері өзенге айналып, ондаған автомобиль жол ортасында суға батып, өшіп қалған еді.
Дегенмен мұндай жағдайлар сирек кездесетін құбылыс болудан қалып, тұрақты сипат алды. Қала билігі нөсер кәріз желісі мен өзге де жобаларға жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсайды. Бірақ мәселе шешілер емес. Tengrinews.kz елорданы неге жыл сайын су басатынын, нөсермен күреске қанша қаржы кететінін және жағдайды не өзгерте алатынын анықтап көрді.
Астана 20 минутта қалай су астында қалды?
Бейсенбі, 2026 жылғы 23 шілде, күннің екінші жартысы. Бір апта бойы ыстықтан қажыған елорда тұрғындары жаңбырды асыға күтті. Алайда қалаға бұршақ аралас нөсер жауып, дауыл тұрды - куәгерлер бұл жағдайды ақырзаманмен салыстырып жатты.
Санаулы минут ішінде даңғылдар мен көшелер суға толды: жол ортасында көліктер өшіп қалса, жолаушылар автобусы көлкіген судың үстімен жүзіп бара жатқандай көрінді. Жел ағаштарды құлатты. Кей аудандарда жарық сөніп қалды.
Суретті Tengrinews.kz оқырмандары жіберді
Сурет: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Синоптиктер болжамы бойынша, небәрі 48 сағаттың ішінде қалада бір айлық жауын-шашын нормасының 70 пайызға жуығы жауған. Сол кезде Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасы тек 23 шілдеде тұрғындардан 25 өтінім түскенін хабарлады. Суды сору және зардаптарды жою үшін 70 техника - 40 ассенизатор машинасы мен 30 мотопомпа жұмылдырылды.
Тіпті LRT де зардап шекті: нөсер кезінде станциялардың бірінен су аққаны анықталған.
Бір шалшық үшін 35 миллион теңге
Нөсерден кейін ең көп талқыланған тақырыптың бірі - астаналық Анар Долдыринаның көлігі туралы оқиға болды. Оның көлігі терең су астында қалған. Бұл уақытта көлік ішінде оның отбасы мүшелері болған.
"Көлігіміз тура мағынасында жүзіп жүрді. Үлкен көліктер өткен сайын толқын туып, соның салдарынан көлік шайқалды. Бірнеше рет автобустар өтті. Мұның бәрі өте қорқынышты болды. Өкінішке қарай, көлігіміз жарамсыз болып қалды", - деді ол.
Әйел шығынды шамамен 35 миллион теңге деп бағалап, коммуналдық қызметтер үстінен шағым түсірген. Астана тұрғыны бұған табиғат апаты емес, қалалық су бұру жүйесіндегі ақаулар себеп деп есептейді.
Астана әкімдігі бұл жағдайға қатысты сауалға былай деп жауап берді: көлік иелеріне келген шығын үшін жауапкершілік автоматты түрде жүктелмейді. Мұнда жүргізушінің су басқан учаскені көрген-көрмегені, ескерту белгілерінің болуы және кедергіні айналып өту мүмкіндігі ескеріледі - яғни кінәнің бір бөлігі суға тап болған адамдардың өздеріне де артылады. Сонымен қатар шенеуніктер мынаны қадап айтты:
"Бұл табиғи құбылыс кенеттен болады және тіпті нөсер кәрізі дұрыс жұмыс істеп тұрғанның өзінде жер үсті суларын лезде ағызып жіберуге әрқашан мүмкіндік бере бермейді".
Тұрғын үй кіреберістеріндегі "Венеция каналдары"
Тек жолдар ғана емес, кейбір астаналықтың пәтерлері де зардап шеккенін айта кеткен жөн. Мәселен, елордадағы бірқатар тұрғын үй кешендерінде жаңбыр суы тіпті унитаздар мен техникалық тесіктерден атқылап, паркингтерді, кіреберістерді және басқа да үй-жайларды су басып қалды.
"Әл-Фараби 20" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Сандуғаш редакцияға берген сұхбатында елордадағы көптеген зәулім үй үшін бұл үйреншікті жағдай екенін айтты.
"Бұл бүкіл Астананың проблемасы деуге болады. Нөсер құбыры бөлек желі болуы керек. Сірә, ақша үнемдеу үшін құрылыс салушылар оны кәріз жүйесіне қосып жіберетін сияқты. Нөсер құбырлары кәрізбен жалғанғандықтан, қатты жаңбыр жауғанда, жоғарыдан аққан суды құбыр құдыққа жеткізіп үлгермейді. Сондықтан бүкіл су сыртқа шығады", - деп бөлісті ол өз ойын.
Мәселе бұдан да тереңде екені анықталды. Редакция Кондоминиумдарды басқарудың республикалық қауымдастығынан жаңа құрылыстардағы нөсер желілерінің бір бөлігі қала теңгеріміне мүлдем берілмеген және заң жүзінде иесіз деп саналатынын білді. Құрылыс салушы үйді пайдалануға бергеннен кейін жарты жыл ішінде мұны істеуге міндетті болғанымен, көбіне орындамайды. Желілер ресми түрде ешкімге тиесілі емес, су арнасына жауаптылар оларға қызмет көрсетуден бас тартады, ал тұрғындарға жүйені өз қаражаты есебінен жөндеу ұсынылады, бірақ бұл үшін қажетті сома тұрмыстық деңгейден әлдеқайда жоғары.
Біз елорда әкімдігіне хабарласып, олардың бұл мәселеге қатысты ұстанымын білдік. Ондағылар аталған жағдайлар сәулет-құрылыс бақылау органдарымен бірлесіп қаралатынын қысқа қайырды. Сонымен қатар, шенеуніктер 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгенін, бұл құжат болашақта мұндай келеңсіздіктерді болдырмауы тиіс екенін еске салды.
"Табиғатқа әліміз келмейді"
Су басу жағдайларына жоғары лауазымды шенеуніктер де реакция білдірді. Табиғи апаттан бес күн өткен соң Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков ауа райы жағдайлары әрқашан есептік көрсеткіштерге сәйкес келе бермейтінін айтты:
"Иә, мұндай жағдайлар болып тұрады. Біз қоғамда, мына дүниеде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан табиғатқа әміріміз жүрмейді. Көбіне жауын-шашын мөлшері орташа нормадан асып кетеді, соның салдарынан осындай жайттар болады".
Бұдан бөлек, Сапарбеков елордада нөсер жаңбырдың жиі бола бермейтінін, ал инфрақұрылымды төтенше жауын-шашын мөлшеріне есептеп салу бюджетке үлкен салмақ салатынын мәлімдеді.
"Белгілі бір кезеңде ғана болуы мүмкін табиғи катаклизмнен қорғануды қамтамасыз етуге орасан зор қаражат жұмсау - өте үлкен шығын. Ол бюджетке салмақ салады, сондықтан мұндай шешімдердің қажеттілігі әрдайым талдау мен сараптама негізінде бағаланады", - деп түйіндеді вице-министр.
Алайда сол брифингтегі ең қызықты сәт - журналистер Сапарбековтен: "Соңғы стандарттар бойынша жөнделген Момышұлы даңғылын неге үнемі су басады және көше дұрыс жобаланбаған деп ойламайсыз ба?" - деп нақтырақ сұраған кез болды. Бұл сұрақ вице-министрдің ішкі арпалысын тудырғандай көрінді, өйткені ол былай деп жауап берді:
"Сіз қазір менен мемлекеттік қызметші ретінде сұрап тұрсыз, мен сізге мемлекеттік қызметші ретінде жауап беремін. Біз бұл мәселені қарапайым азамат [тұрғысынан] талқылайтын болсақ, ол басқа алаң болатын шығар..."
Кейінірек мемлекеттік қызметші қыры жеңіп кетсе керек - Сапарбеков "Астанадағы құрылысқа көңілі толатынын", өйткені ол барлық норма мен ережелерге сай жүргізіліп жатқанын, ал табиғи апаттардың кез келген жерде болатынын айтып, өз позициясына қайта оралды.
Өнеркәсіп министрлігі Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов жағдайды нақтырақ сипаттады. Оның айтуынша, кейінгі он жылда Астанада Мәңгілік ел, Абай даңғылдары мен Пушкин көшесін қоса алғанда, 11 учаскеде су басу мәселесі шешілген.
Мұндай жұмыстарды жалғастыру үшін 2026 жылы Арнайы мемлекеттік қордан (айтпақшы, онда қайтарылған активтер жинақталады) бес миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Мәселе емес, рұқсат етілген норма
Елорда әкімдігі де жекелеген жағдайлар бойынша емес, жалпы су тасқынына қатысты пікір білдірді. Ондағылар нөсерден кейін жолдарда су жиналуын рұқсат етілген норма деп санайды.
"Нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес, ұзақтығы 20 минут болатын максималды қарқынды жаңбыр кезінде жолдың жүру бөлігі шегінде су басу мен су жиналуына, кейіннен коллекторлардың 2–4 сағат ішінде босатылуына жол беріледі, бұл рұқсат етілген норма болып табылады", - деп мәлімдеді елордалық коммуналдық шаруашылық басқармасы.
Жыл сайынғы жауап беру дәстүрі
Шенеуніктердің Астанада қатты нөсер мен ауқымды су басу сирек болады, сондықтан олармен күресуге қосымша қаражат жұмсау тиімсіз деген мәлімдемелеріне қарамастан, іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша. Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай су басу оқиғалары жүйелі түрде қайталанады. Және әр жолы бұның неге тағы да қайталанып жатқанына қатысты жаңа түсініктемелер пайда болады.
2023 жыл: жұмыстан босатылған директор
2023 жылғы тамызда жаңбырдан кейін Астана көшелерін су басты - әсіресе Тәуелсіздік пен Қошқарбаев қиылысы қатты зардап шекті. Қала бойынша жүзден аса техника: ассенизатор машиналары мен мотопомпалар жұмылдырылды.
Бір күн өткен соң әкімдік "нөсер кәріз жүйелерінің тиісінше жұмыс істемеуі үшін" "Elorda Eco System" ШЖҚ МКК директоры Тимур Шодановты қызметінен босатқанын хабарлады.
Elorda Eco System - Астанадағы нөсер кәрізін тексеретін мемлекеттік компания. Директорды жұмыстан шығаруға болады, бірақ басқарушы компанияны ауыстыру мүмкін емес. Нарықта іс жүзінде балама жоқ, сондықтан бұл ұйым қалаға орасан зор ақшаға қызмет көрсетуін жалғастырып отыр. Бұған кейінірек тоқталамыз.
Қызығы сол, дәл сол жылы, арада екі жарым апта өткенде Астананы тағы да су басты. Бұл жолы автобус жолаушылары салонға толған судан қашып, орындықтарға аяғымен шығып, тұтқаларға асылып тұруға мәжбүр болды.
2024 жыл: үлкен құрылыс
2024 жылғы наурызда Тұран даңғылын су басты - Ұлы Дала қиылысында 20-дан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Әкімдік сол кезде жағдайды түсіндіріп, жеке құрылыс салушылар мен тұрғын үйлер жалпы коллекторға заңсыз қосылып алғанын айтты.
"Жеке құрылыс салушылар мен бірқатар үйлер тарапынан заңсыз қосылу салдарынан Тұран даңғылы бойындағы кәріз коллекторының жұмысына шамадан тыс жүктеме түсіп, соның салдарынан ол толып кетеді. Сонымен қатар, кәрізге тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары және тағы басқалар тасталады, бұл сорғы жүйесі мен тазарту құрылыстарының істен шығуына әкеп соғады".
Сол жылдың жазында әкім Жеңіс Қасымбек басқа түсініктеме беріп, құрылыстың ауқымдылығын алға тартты. Ол қалада бір мезгілде 10 миллион шаршы метрге жуық жылжымайтын мүлік салынып жатқанын еске салды.
"Бұл тұрғыда проблемалар болды, оны ешкім жоққа шығармайды және жасырмайды. Бұл біздегі тұрғын үй құрылысының қарқынымен де байланысты. Былтыр ресми статистика бойынша 3,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл Қазақстанда салынып жатқан барлық нысанның бестен бір немесе төрттен бір бөлігіне жуық", - деді ол.
Ол салынған тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде, кейде аяқталмаған нөсер кәрізі желілеріне заңсыз қосылу деректері бар екенін растады. Ал су жиналатын аумақтың кеңеюі су басу сияқты зардаптарға әкеп соғады.
Егер осы жылдар ішіндегі шенеуніктердің барлық уәжін жинақтасақ, олар үнемі қолданатын белгілі бір себептер жиынтығы шығады.
Ауа райы болжанбайтын болып кетті және адам бақылауына көнбейді. Қала тым тез бой көтеріп жатыр, ал құрылыс - бұл инвестиция, сондықтан оны тоқтатуға болмайды. Тұрғындар мен құрылыс салушылар да өз кесірін тигізіп жатыр - қоқыс тастайды, құбырларға заңсыз қосылады, желілерді қала теңгеріміне өткізбейді. Ал сирек болатын табиғи апат үшін жүйені кеңейту - бюджет тұрғысынан тиімсіз.
Астанадағы ең проблемалы учаскелер
Дегенмен кейінгі жылдары билік ештеңе істемеді деу әділетсіздік болар еді. Жұмыс шынымен де жүріп жатыр. Басқа мәселе - оның проблеманы шешуге қаншалықты көмектесіп жатқандығында.
Астана әкімдігі мен коммуналдық шаруашылық басқармасы мәліметінше, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мамандар бүкіл қала бойынша нөсер кәрізі желілері мен құрылыстарын тексеріп, жүйе суды ағызып үлгермейтін 245 проблемалы учаскені анықтаған.
Шенеуніктердің айтуынша, 2026 жылға қарай 241 учаскедегі мәселелер жойылды. Бұл толық жеңіс сияқты көрінеді - проблемалы аймақтардың шамамен 98 пайызы жойылған деп есептеледі.
Бірақ бір маңызды жайт бар. Қалған төрт учаске картадағы кездейсоқ нүктелер емес. Дәл осы жерлер жыл сайын әрбір нөсерден кейін жаңалықтардың басты тақырыбына айналады.
Сөз болып отырған аумақтар:
Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарының Қонаев, Достық және Сарайшық көшелерімен қиылысатын шаршы алаңы,
Момышұлы даңғылы мен оған іргелес көшелер маңы,
Қалдаяқов - Панфилов - Нәжімеденов орамы,
сондай-ақ Тәуелсіздік даңғылы маңындағы Сәтбаев, Майлин және Мұнайтпасов көшелерінің айналасы.
Осы учаскелердің бір бөлігінде биылғы 23 шілдедегі нөсерден кейін тағы да су іркіліп қалды. Олардың қатарында билік бұған дейін жаңғыртудың үлгілі мысалдарының бірі ретінде атаған Момышұлы даңғылы да бар.
Кәріз жүйесіне бөлінген миллиардтар
Бұл ретте жүйені дамытуға қаражат салынбай жатыр деп айтуға болмайды:
2019 жылдан 2025 жылға дейін Астанада 22 шақырымнан астам нөсер, дренаж және науа-арық кәрізінің магистральдық коллекторлары салынып, қайта жаңартылды, тоғыз сорғы станциясы іске қосылып, алты тазарту қондырғысы жаңғыртылды.
Тек 2024–2025 жылдардың өзінде нөсер инфрақұрылымын дамытуға 15 миллиард теңге бағытталды.
Әкімдік деректері бойынша, бұл тазарту қондырғыларының өткізу қабілетін шамамен 45 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.
Жүйені пайдалану бойынша деректер де таңғалдырады.
Elorda Eco System компаниясының бір жылдық есебінде:
158 мыңнан астам коллектор жуылды,
14,5 мыңнан астам жаңбыр қабылдағыш және қарау құдықтары тазартылды,
15 мың метрден астам құбыр бумен өңделді,
7,9 мың тоннаға жуық тұнба мен қоқыс шығарылды,
887 мың текше метрге жуық су сорылды.
Енді Астанада нөсер кәрізін қаржыландыру қалай ұйымдастырылғанын түсіну маңызды.
Жыл сайын қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік сатып алу порталында нөсер кәрізін күтіп ұстау және қызмет көрсетуге тендерлер жариялайды. Жылдан жылға бұл тендерлерге жоғарыда аталған Elorda Eco System компаниясы қатысып, жеңіске жетеді. Ол - Астана әкімдігіне қарасты мемлекеттік кәсіпорын.
Мәселен, 2026 жылы компания коммуналдық шаруашылық басқармасымен нөсер кәрізі желілерін күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша үш келісімшарт жасасқан. Келісімшарттардың құны шамамен төрт миллиард, 1,7 миллиард және 431 миллион теңге болған. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде Elorda Eco System бюджеттен 6,13 миллиард теңге алды.
2025 жылы да жағдай осыған ұқсас болды. Компания шамамен 1,7 миллиард, екі миллиард және 446 миллион теңге сомасына үш ұқсас тендерді жеңіп алды. Жасалған келісімшарттардың жалпы құны 4,15 миллиард теңгеден.
2024 жылы жалпы құны 3,06 миллиард теңге болатын үш келісімшарт жасалды. Олардың ішіндегі ең ірісі шамамен 1,4 миллиард теңге, тағы біреуі - 1,3 миллиард, ал үшіншісі - 357,1 миллион теңге болды.
2023 жылы қаржыландыру көлемі бес келісімшартқа бөлінді. Олардың құны тиісінше 803,5 миллион, 1,4 миллиард, 178,5 миллион, 892,8 миллион және 1,3 миллиард теңге болды. Бір жыл ішінде компания бұл келісімшарттар бойынша жалпы алғанда шамамен 4,57 миллиард теңге алды.
Егер есептейтін болсақ, соңғы төрт жылда Elorda Eco System келісімшарттар бойынша шамамен 18 миллиард теңге алған. Бұл тек желілерді күтіп ұстау мен тазартуға арналған қаражат - мұнда 2024–2025 жылдары жүйені дамытуға бөлінген 15 миллиард теңге (жоғарыда көрсетілген) және 2026 жылы Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті басшысының орынбасары айтқан Арнайы қордан бөлінетін тағы бес миллиард теңгеге жуық қаражат ескерілмеген.
Сонымен қатар, биыл шілдеде үкіметтің Астанаға су бұру нысандарын салу мен жаңғыртуға қосымша 8,7 миллиард теңге бөлетіні туралы ақпарат пайда болды.
Неге өтінім беретін басқа ешкім жоқ
Ресми түрде сатып алулар ашық конкурс арқылы өткізіледі, демек кез келген қатысушы жеңіске жете алады. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша.
Тазарту құрылыстары мен желілердің бір бөлігі мемлекет меншігінде, демек бірде-бір жеке компанияның мемлекеттік компаниямен тең дәрежеде қызмет көрсетуге үміткер болуы үшін бұл инфрақұрылымға физикалық тұрғыда қолжетімділігі жоқ. Ресми түрде конкурс ашық, бірақ іс жүзінде оған тек бір ғана ойыншы қатыса алады.
Көп жылдар бойы су-техникалық инспекциясында жұмыс істеген инженер-жобалаушы Александр Тетёркин New Times басылымына су басу мәселесін шешу үшін бір ғана пайдаланушы ұйымның күші жеткіліксіз екенін ашық айтты:
"Бұл салада жеке мамандандырылған компаниялар да жұмыс істей алатындай жағдай жасау қажет".
Осыған ұқсас ұстанымды "Мемлекеттік сатып алулар бойынша саяхат" жобасының авторлары да ұстанады. Олар нақты монополия бәсекелестікті шектейтінін, демек жұмысты тезірек немесе арзанырақ істеуге ынталандырмайтынын көрсетеді.
Тағы бір жайт бар. Жоғарыда аталған жұмыстар бүгінде 620 шақырымнан аса желіні қамтитын және 20 мың гектардан аса қала аумағына қызмет көрсететін жүйеде жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы инфрақұрылым тазартылып жатқанда, қала жедел қарқынмен өсуіп жатыр, онымен бірге нөсер кәрізіне түсетін салмақ та артып келеді.
Сонымен қатар, нормативтерде көзделген және ерекше жағдай болуы тиіс коллекторлардың қысқа мерзімді толып кетуі біртіндеп жүйенің негізгі жұмыс режиміне айналды.
Шиеленісті жағдай қалыптасып отыр. Инфрақұрылым шынымен жөнделіп, жаңа сорғы станциялары салынып, коллекторлар жаңартылып, бұған жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсалып жатыр. Бірақ әрбір жолы нөсер бұл шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Мәселе, шамасы, тек жекелеген учаскелерге қызмет көрсетуде ғана емес сияқты.
Неге нөсер кезінде Астананы су басады және мәселені қалай шешуге болады?
Шенеуніктер жаңа коллекторларды, сорғы станцияларын және нөсер кәрізін кеңейтуді талқылап жатқанда, әлемде басқа тәсіл туралы жиі айтыла бастады.
Оның мәні қарапайым: мәселені тек жер астында емес, жер бетінде де шешу керек.
Бұл туралы Tengrinews.kz-ке словакиялық эколог, Water Holistic халықаралық бағдарламасының негізін қалаушы және БҰҰ-да таныстырылған "Жаңа су парадигмасы" тұжырымдамасының авторы Михал Кравчик айтып берді.
Михал Кравчик, эколог, Water Holistic бағдарламасының негізін қалаушы, "Жаңа су парадигмасының" авторы. Фото: Gov.kz
Оның айтуынша, Астанадағы жыл сайынғы су тасқыны - бұл бір сәтсіз нөсердің немесе нашар тазартылған коллекторлардың салдары емес. Мәселе әлдеқайда тереңде жатыр.
"Көптеген шешім өз уақытының біліміне сүйене отырып қабылданды: бөгеттер салынды, инженерлік құрылыстар бой көтерді, жекелеген міндеттер жергілікті деңгейде шешілді. Бірақ жаңбыр суын басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болған жоқ. Сондықтан бүгінде басты мәселе - бітелген коллекторлар сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл тек белгілердің бірі ғана. Қаланың алдында тек нөсердің салдарын емес, бүкіл су жүйесін басқаруды үйрену міндеті тұр", - деп есептейді ол.
Кравчик өз ойын былай толықтырады: нөсер кәрізіне қатысты дәстүрлі тәсіл басынан-ақ жаңбыр суын көшелерден мүмкіндігінше тезірек кетіру идеясына негізделген. Ол үшін бұрынғыдан да ірі коллекторлар, сорғы станциялары мен тазарту құрылыстары салынады. Бірақ мұндай әдістің де шегі бар.
Қаланың үстін асфальт, бетон және плитка басқанда, суды сіңіретін ештеңе қалмайды. Ол кәріз жүйесіне шамадан тыс күш түсіреді. Топырақ біртіндеп құрғап, өсімдіктер ылғалдан айырылады, ал қаланың өзі "жылу аралына" айналады. Экологтың айтуынша, дәл осы жер бетінің қатты қызуы уақыт өте келе жауын-шашынның сипатын өзгертеді.
"Бұрын бұлттар ылғалды кең-байтақ аумаққа тарататын. Бүгінде біз кері көріністі жиі байқаймыз: жайлап жауатын жаңбырдың орнына жергілікті "нөсер бомбалары" пайда болып, өте қысқа уақыт ішінде қаланың шағын аумағына орасан зор су көлемі төгіледі. Бұл процесс жердің кебуі және беткі қабаттың қатты қызып кетуімен байланысты. Егер ештеңені өзгертпесе, мұндай құбылыстар жиілей береді", - деп ескертеді Кравчик.
Суды тездетіп ағызу емес, оны ұстап тұру
Дәл сондықтан Кравчик нөсер кәрізін шексіз кеңейту идеясынан бас тартуды ұсынады. Оның орнына ол жаңа парадигманы алға тартады.
Оның басты принципі парадоксалды естіледі: жаңбыр суы - бұл проблема емес, ресурс. Қала оны мүмкіндігінше тезірек құбырға бағыттаудың орнына, жауған жерінде ұстап қалуы тиіс.
Бұл үшін бүгінде "губка қала" (sponge city) тұжырымдамасына біріктірілген ондаған салыстырмалы түрде қарапайым шешімдер қолданылады. Бұл - жаңбыр бақтары, биодренажды орлар, тұтас асфальттың орнына су өткізетін жабындар, жасыл шатырлар, жаңбыр суын жинайтын резервуарлар және әрбір жаңа тұрғын үй кешені жауын-шашынды жалпықалалық кәріз желісіне ағызбай, өз аумағында ұстап тұруға міндеттейтін жаңа құрылыс нормалары.
Егер су топыраққа біртіндеп сіңіп, шатырлар мен жасыл аймақтарда бөгелсе, ол коллекторларға бір уақытта ағып үлгермейді. Нәтижесінде, көшелерді су баса бастағанға дейін-ақ нөсер жүйесіне түсетін салмақ азаяды.
Іс жүзінде қала құбыр сияқты жұмыс істеуін тоқтатып, сорғыш (губка) ретінде қызмет ете бастайды.
Жаңа құбырлар салғаннан гөрі арзанырақ
Эколог Михал Кравчиктің айтуынша, мұндай тәсіл көптеген елде қазірдің өзінде қолданылып жатыр және инженерлік инфрақұрылымды үнемі арттырудан гөрі экономикалық тұрғыдан тиімдірек екенін дәлелдеді. Қазақстан қазір бірегей жағдайда тұр, дейді ол - ел көптеген еуропалық қалалар жіберіп алған қателіктерден әлі де сақтана алады.
Бұл дерексіз теория сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ 2026 жылғы сәуірде Кравчик Астанадағы Аймақтық экологиялық саммитке қатысты. Кейінірек ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов онымен және басқа да сарапшылармен кездесу өткізіп, аймақтың су-климаттық қауіпсіздігі бойынша практикалық ұсыныстарды талқылады.
Олар министрлік жанынан Қазақстанда "Жаңа су парадигмасын" іс жүзінде жүзеге асыру бойынша жұмыс тобын құруды қарастырады. Бұл ретте аумағы 177 мың шаршы шақырымды құрайтын Есіл өзенінің бассейніне басымдық берілмек. Кравчиктің пікірінше, бұл аймақ жаңа тәсілді енгізу үшін пилоттық алаңға айналуы мүмкін: егер бүкіл бассейнде жаңбыр суын ұстап тұруды үйренсек, бұл қалаларды су басу қаупін азайтуға, құрғақшылық кезеңінде өзендегі су деңгейін сақтауға және қала климатын жұмсартуға мүмкіндік береді.
Қорытынды орнына
Астанадағы нөсер жауын көбіне бір сценарий бойынша өрбиді. Көшелерді су басады, жол ортасында көліктер тұрып қалады, шенеуніктер болған жайтты аномальді ауа райымен түсіндіреді, содан кейін қала нөсер жүйесіне қызмет көрсету мен оны дамытуға тағы да миллиардтар бөледі.
Соңғы жылдары бұл салаға шынымен де ондаған миллиард теңге инвестицияланды. Жаңа коллекторлар мен сорғы станциялары салынып жатыр, қолданыстағы желілер тазартылып, проблемалық учаскелер тексеріліп жатыр. Бірақ 23 шілдедегі нөсер көрсеткендей, бұл жеткіліксіз. Мәселе жекелеген қоқыстарда немесе техниканың тапшылығында емес, қаланың ондаған жылдар бойы қолайсыз ауа райымен күресу моделінде сияқты.
Қала жаңбыр суын мүмкіндігінше тезірек ағызып жіберуге тырысып жатқанда, әлемдік тәжірибе басқа тәсілді - оны жауған жерінде ұстап тұруды ұсынады. Бәлкім, бұл Астананы су басу мәселесін шешуге көмектесер еді. Дегенмен, бұл да әзірге тек болжам ғана.
Бірақ айқын нәрсе бар: егер ештеңені түбегейлі өзгертпесе, келесі нөсер елорданы тағы да "күтпеген жерден" суға бөктіреді.
Авторы: Александр Григорянц
Аударған: Дина Шәріпхан