“Ауыл“ партиясы Құрылтайдағы 10 депутатын атады
"Ауыл" партиясы жаңа Парламент – Құрылтайдан 10 мандат алатын депутаттар тізімін бекітті. Шешім 26 тамызда партияның саяси кеңесі бюросының отырысында қабылданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Құрылтай құрамына мына адамдар кіреді:
Қайрат Айтуғанов – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы. Бұған дейін ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары және ҚазАТУ проректоры қызметтерін атқарған. Айтуғанов "Ауыл" партиясынан үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы – депутаттыққа, 2023 жылы – Мәжіліске, ал 2026 жылы – Құрылтайға.
Шахмардан Байманов – "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары және орталық аппарат басшысы. Бұған дейін Жастар және отбасы істері комитетін басқарған, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін өңір әкімінің орынбасары болған. 2016 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат болды. 2026 жылы "Ауыл" партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелді.
Захира Бегалиева – инклюзия және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселелерімен айналысады. Ол әлеуметтік осал топтардың кәсіби дағдыларын дамытуға көмектесетін ITeachMe қорымен байланысты. Бұған дейін депутат болмаған.
Серік Егізбаев – "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Бұған дейін ақпарат вице-министрі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып, Аграрлық мәселелер комитетін басқарды.
Мұрат Иргибаев – Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары. 2024–2025 жылдары "Ауыл" партиясы төрағасының кеңесшісі болды. 2025 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарады.
Ажар Қажыбекова – Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болса, 2024 жылдың басында басшының міндетін уақытша атқарған. 2024 жылдың шілдесінен бастап басқарманы басқарып келеді.
Владимир Киян – биотехнолог-ғалым және Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Ғылыми зерттеулер мен биотехнологиялар саласына маманданған.
Алмас Мұхаметов – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.
Динара Райханова – Қосшы қалалық мәслихатының депутаты және "Ауыл" партиясының мүшесі.
Рабиға Тоқсейітова – "Aitas-KZ" АҚ холдингтік компаниясының вице-президенті. Бұл қызметті 2012 жылдан бері атқарып келеді. "Ауыл" партиясынан Парламентке үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы, 2023 жылы – Мәжіліске, ал 2026 жылы – Құрылтайға.
Бекітілген тізімі бар құжаттар депутаттық мандаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.
Партия өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім және ғылым, отбасы мен жастарды қолдау, экология мәселелерімен айналысатындарын хабарлады.
Қазақстан Парламентінде не өзгерді?
1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Ол қабылданғаннан кейін парламенттің екі палатасы – Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Олардың орнына бірпалаталы парламент – Құрылтай келді. Бұл бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұратын жаңа заң шығарушы орган.
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Бұл 1991 жылдан бері елдегі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау болды.
25 тамыздағы дауыс берудің қорытынды нәтижесін мына жерден білуге болады.