Қытайда электрмобильдерге берілетін жеңілдіктер біртіндеп алынып жатыр
Қытайдың электрмобиль аккумуляторлары индустриясына 10 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келген жеңілдік мерзімі аяқталды, деп хабарлайды Tengri Auto CarNewsChina басылымына сілтеме жасап.
2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап литий және литий-ионды аккумуляторлық батареяларға 2 пайыз мөлшерінде тұтыну салығы енгізілді. 2027 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл мөлшерлеме 4 пайызға дейін өседі. Бұған дейін электрмобильдерде қолданылатын батареялар жеңілдетілген салық режиміне ие болатын.
Бұл өзгерістер жаңа энергия көздерімен жүретін көліктерді мемлекеттік қолдауды біртіндеп қысқарту шараларының бір бөлігі болды. Қытайда 2026 жылдан бастап мұндай автомобильдерді сатып алу салығынан толық босату тәртібі де жойылды. Оның орнына 50 пайыздық жеңілдік қолданылады, бірақ ол бір көлікке 15 000 юаньнан аспауы тиіс.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап электрмобильдер, қуатталатын гибридтер, жүріс қоры ұлғайтылған көліктер және кейбір коммерциялық модельдер үшін тағы бірқатар жеңілдіктерді алып тастау жоспарланып отыр.
Бұл ретте натрий-ионды және қатты денелі аккумуляторлар үшін салықтық жеңілдіктер кем дегенде 2028 жылдың соңына дейін сақталады. Жеңілдіктердің біртіндеп жойылуы электрмобиль өндірушілері мен сатып алушылар шығындарының артуына әкеледі деп күтіледі.
Еске сала кетейік, Қытайда электрмобильдердің танымалдылығына байланысты жол жөндеуге жұмсалатын отын салығынан түсетін түсімдер азайған болатын.
Қытай билігі электрмобиль жүргізушілері отын салығын төлемейтін, бірақ сонымен бірге электромобильдердің қарапайым көліктерден ауыр болуына байланысты жолдардың тозуын тездететін жағдайға тап болған.
Қазіргі уақытта Қытай билігі жол инфрақұрылымын қаржыландырудың жаңа тәсілдерін қарастырып жатыр. Нұсқалардың бірі жүріп өткен қашықтыққа байланысты жолды пайдалану ақысын енгізуді көздейді.
Сонымен қатар Қытай электрмобиль иелеріне арналған жеңілдіктерді біртіндеп азайтып жатыр. Сату салығы бойынша жеңілдік мөлшері бес пайызға дейін төмендетілді, ал жеңілдіктің максималды сомасы 15 мың юаньмен шектелді.
Бұдан бөлек, қуатталатын гибридтер мен жүріс қоры ұлғайтылған электрмобильдер үшін жыл сайынғы салықтық жеңілдіктерді жою жоспарланған.