“Әдепті әрі тыныш бала еді“: Ақтөбелік жасөспірімнің соты немен аяқталды?
Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасады деп айыпталған 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот шешімі шықты. Сот оны психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеуге жіберді. Сараптама қорытындысы бойынша, жасөспірім созылмалы психикалық ауру - шизофренияға шалдыққан, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айыпталушы қазіргі уақытта мамандандырылған психиатриялық ауруханада емделіп жатқандықтан, сот шешімін жариялау кезінде залда болған жоқ.
“Әдепті әрі тыныш бала еді“: Ақтөбедегі қайғылы оқиғадан кейін оқушы қамауға алынды
Жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың 2 желтоқсанына қараған түні Ақтөбе орталығындағы бес қабатты үйлердің бірінде болған. Сол кезде жасөспірім мен анасы арасында жанжал шыққаны хабарланған болатын. Айқайды естіген көршілер полиция шақырған. Тәртіп сақшылары келгенде 41 жастағы әйел көз жұмған. Оқиға орнынан жасөспірімнің 73 жастағы әжесі де табылды. Зейнеткер қызын қорғамақ болғанда, немересі оған да тап берген. Қария бірнеше жерден пышақ жарақатын алғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.
Қайғылы жағдайға дейін жасөспірім жақсы жағынан танылған. Ол сабағын жақсы оқып, олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған, мінезі салмақты әрі тәрбиелі бала ретінде сипатталған. Жақындарының айтуынша, оқиғадан сәл бұрын оның мінез-құлқы өзгеріп, ашуланшақ бола бастаған. Алайда бұл өзгерістер жасөспірім шақтағы мінездің қалыптасуымен байланыстырылған.
Сот талқылауы барысында жасөспірімге бірнеше психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілді. Мамандар оның созылмалы психикалық дертке шалдыққанын анықтады.
Сот жасөспірімнің денсаулық жағдайына байланысты стационар жағдайында мәжбүрлі түрде емделуі тиіс деген қорытындыға келді. Ауруына байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Бұған дейін кісі өлтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Шақырту бойынша барған полицейлер зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің денесін және жарақат алған зейнеткерді тапқан, қария бірден ауруханаға жеткізілген еді.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ол жасаған ісін мойындаған.