Иранның одақтасы Сауд Арабиясына баллистикалық зымырандармен соққы жасады
Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының ұлттық ресурстары мен инфрақұрылымына соққы жасауды жалғастырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері Иран қолдайтын хуситтердің Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Хамис-Мушайт, Абха және Джазан қалаларына баллистикалық зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (ҰҰА) соққы жасағанын хабарлады.
Коалиция күштерінің баспасөз хатшысы генерал-майор Турки әл-Малики хуситтер шабуылының жалғасуы ұйымның "шиеленісті ушықтыруға және Сауд Арабиясының бейбіт тұрғындарына соққы жасауға бағытталған экстремистік ұстанымын" айғақтайтынын атап өтті.
Әл-Малики бұл шабуылдардың елдің ұлттық ресурстары мен инфрақұрылымына бағытталғанын қадап айтты. Ол коалиция күштері Сауд Арабиясының егемендігі мен ұлттық байлығын осы шабуылдардан қорғау, сондай-ақ бейбіт халық пен елді мекендерге қарсы агрессияға тойтарыс беру үшін тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін сейсенбі күні йемендік хуситтер төрт қалаға, сондай-ақ Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі мұнай нысандарына шабуыл жасаған болатын. Хамис-Мушайт, Абха, Джазан және Наджран қалалары соққыға жығылды.
Маусым басында хуситтердің Иран жағында Таяу Шығыстағы соғысқа араласқаны және Қызыл теңіздегі Израиль кеме қатынасына толық тыйым салғаны хабарланған болатын.