Қытай Сауд Арабиясының өтінішінен кейін Ираннан хуситтерді ауыздықтауды сұрады - БАҚ
Дереккөздердің хабарлауынша, Сауд Арабиясының өтінішінен кейін Қытай Иранға хуситтерді тежеуге көмектесу үшін қысым көрсетіп жатыр. Бұл туралы Reuters хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Сауд Арабиясы Бейжіңнен көмек сұраған соң, Қытай Тегеранға йемендік хуситтерге ықпал ету туралы жабық түрде өтініш білдірді. Бұл туралы Reuters агенттігіне жағдаймен таныс үш ирандық дереккөз хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, хуситтердің Қызыл теңіз жағалауы мен Баб-эль-Мандеб бұғазының айналасында жедел ілгерілеуі саудиялық мұнай экспорты мен кеме қатынасына қауіп төндіргеннен кейін Эр-Рияд Қытайдан көмек сұраған. Бейжің жария түрде сабырлыққа және қауіпсіз кеме қатынасын қалпына келтіруге шақырғанымен, жеке байланыстарда оның ұстанымы қатаңырақ болған.
Сұхбат берушілердің айтуынша, Қытай әлемдегі екінші ірі экономика үшін аса маңызды энергетикалық бағыттарда қақтығыстың өршуіне жол бермеу үшін Иранның хуситтерге ықпалын пайдаланғанын қалайды. Жолдаудың нақты қалай жеткізілгені нақтыланбаған.
Тегеран бұған жауап ретінде аймақтағы тұрақтылық "АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының" тоқтатылуына байланысты екенін мәлімдеді, деп атап өтті дереккөздер. Олардың айтуынша, Қытай шенеуніктері Иран хуситтерге ықпал етуден бас тартқан жағдайда тікелей қоқан-лоқы жасамаған және ықтимал экономикалық қысым туралы айтпаған.
"Қытай аймақтық шиеленістің Йемен мен Қызыл теңізге жайылуын қаламайды. Аймақтық тұрақсыздықтың өршуі ешбір тараптың мүддесіне сай келмейді. Барлық елдің егемендігі мен қауіпсіздігі құрметтелуі тиіс, ал адамдардың өмірі үшін өмірлік маңызы бар нысандар шабуыл нысанына айналмауы керек. Қытай жағдайды одан әрі қиындататын әрекеттерді тоқтатуға шақырады және мәселелерді диалог пен келіссөздер арқылы шешуді табанды түрде ұсынады", - деп мәлімдеді Қытай СІМ Reuters сауалына берген жауабында.
Қытай он жылдан астам уақыт бойы Иранның ірі сауда серіктесі және оның мұнайын негізгі сатып алушы. Kpler мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы ирандық мұнайдың теңіз экспортының 80 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиді, бұл орта есеппен тәулігіне шамамен 1,4 миллион баррельді құрайды. Батыс дипломаттары Бейжің хуситтер мәселесінде Тегеранға қысым көрсете алатын санаулы астаналардың бірі екенін айтады.
Дереккөздердің мәліметінше, Тегеран Бейжіңнің алаңдаушылығын ескеріп, қадамдар жасайтыны-жасамайтыны белгісіз. Қытай Иранның негізгі экономикалық және дипломатиялық серіктесі болып қала береді, 2023 жылы Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруде араағайындық жасады, алайда Иранның басымдықтары мен Бейжіңнің Парсы шығанағы елдеріне инвестициясының артуын ескерсек, оның ықпалы шектеулі, деп жазады басылым.