Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады
Әскери қызметшілер неге суға түсірілді, ауа райына байланысты оқу-жаттығуды тоқтатуға мүмкіндік болды ма және құтқару операциясы неге адам өлімінің алдын ала алмады? Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанзақов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында 14 сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі қасіреттің ықтимал себептерін талдап берді. Сонымен қатар, ол нақты жауаптарды тергеу анықтауы тиіс екенін атап өтті.
Әңгіме басында Жанзақов қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Бүгінде ресми түрде 14 әскери қызметшінің: бір офицердің, бір келісімшарт бойынша әскери қызметшінің және 12 мерзімді қызметтегі сарбаздың қаза тапқаны белгілі. Бұл жас жігіттер, көбісі әлі отбасын құрып та үлгермеген болар. Бұл жалпы Қарулы Күштер үшін үлкен шығын", - деді ол.
Әскерилерді суға түсіру кезінде не болуы мүмкін еді?
Жанзақов нақты қорытындыларды тек тергеу аяқталғаннан кейін жасауға болатынын ескертті. Ол жаттығу жоспарын, ауа райы болжамын, құжаттар мен қатысушылардың айғақтарын көрмегендіктен, оқиғаның тек ықтимал нұсқаларын атап өтті.
Оның түсіндіруі бойынша, әскери қызметшілер катерден жағалауға теңіз десантын түсіру жаттығуын орындаған. Олар аздаған теңдікте болып, жағаға шығады деп жоспарланған. Алайда қайғылы оқиға болған күні десант түсіру нүктесіндегі тереңдік есептелгеннен көп болуы мүмкін.
"Мүмкін, катер теңізге қарай сәл ығысқан болар немесе десант түсіру орнын анықтау кезінде қателік кеткен болуы мүмкін. Кейде бұл аймақта тереңдіктің өзгеруі үшін екі-үш метр де жеткілікті. Екінші бір ықтимал себеп - қатты жел мен толқын. Толқындар әскери қызметшілердің жағаға шығуына кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ тағы да қайталап айтамын: барлық егжей-тегжейлі мәліметсіз кесіп айту қиын", - деді ӘТК бұрынғы бас қолбасшысы.
Оның айтуынша, негізгі кезеңнің алдында әскерилер дәл осы учаскеде бірнеше рет жаттығу жасап, тереңдіктің қауіпсіз екеніне сенімді болған болуы әбден мүмкін. Қайғылы оқиға болған күні жағдайдың неге өзгергенін тергеу анықтауы тиіс.
Жаттығулар неге тоқтатылмады?
Жанзақов жаттығу жетекшісі мен кеме командирлері ауа райы болжамын алдын ала алуы тиіс екенін атап өтті. Бұдан бөлек, кемелерде желдің жылдамдығы мен теңіз толқынын бақылауға мүмкіндік беретін құрылғылар бар.
"Тапсырманы жалғастыру туралы шешім неге қабылданғанын білмеймін. Мүмкін, ауа райы жаттығу өткізуге мүмкіндік берген шығар, бірақ күш пен тәуекелдер дұрыс есептелмеген. Тағы бір нұсқа - дауыл жел мен толқын лезде күшейіп, шешім қабылданғаннан кейін жағдайды тоқтатуға үлгермей қалған", - деп болжады ол.
Бұрынғы бас қолбасшы Каспийдегі ауа райы санаулы минуттарда күрт өзгеруі мүмкін екенін айтты.
"Басында бәрі тып-тыныш, күн жарқырап тұрады, жел жоқ. Ал бес-жеті, кейде он минуттан кейін бәрі қорқынышты түске айналады: дауыл, толқындар, жаңбыр. Каспийде мұндай жағдайлар болып тұрады. Бірақ жетекші жаттығуды жалғастыруға болжам анық мүмкіндік бермейтінін көрсе, ол жаттығуды ауыстыруға, тоқтатуға немесе мүлдем болдырмауға міндетті", - деп баса айтты Жанзақов.
Күзгі уақытта жаттығу өткізуге бола ма?
Жанзақовтың пікірінше, күзгі немесе қысқы жаттығулардан толық бас тартуға болмайды: әскери қызметшілер кез келген жағдайда тапсырманы орындай алуы керек. Сонымен қатар, оқу-жаттығу міндеті адам қауіпсіздігінен жоғары қойылмауы тиіс.
"Әскери қызметшілерді жыл бойы - қыста, жазда, көктемде және күзде дайындау керек. Бірақ жаттығу дегеніміз - бәріне қарамастан соңына дейін бару керек деген сөз емес. Егер ауа райы мүмкіндік бермесе немесе адамдардың шамасы келмесе, шараны тоқтатуға немесе басқасына ауыстыруға болады. Қатты жел кезінде басқа элементтерді пысықтауға болады. Ең бастысы - қауіпсіздік шараларын бұзбау", - деді Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы.
Қандай құтқару құралдары жақын жерде болуы керек?
Жанзақов кез келген әскери кемеде немесе катерде құтқару құралдары: кеудешелер, сал және қайықтар болуы тиіс екенін түсіндірді. Олар тек экипажға ғана емес, кеме бортында бар барлық адамға, соның ішінде десантқа да жеткілікті болуы керек.
"Егер құтқару құралдары жетіспесе, командир бұл туралы баяндауға міндетті, содан кейін қосымша кеудешелер мен басқа да жабдықтар берілуі тиіс. Егер катердің міндеті десант түсіру болса, құтқару құралдары осы әскери қызметшілерге де есептелуі керек еді", - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар кезінде операция өтіп жатқан ауданда іздестіру-құтқару жұмыстарын дереу бастауға дайын күштер де кезекшілік етуі тиіс.
"Мен ол жерде кезекші құтқару құралдары болған-болмағанын білмеймін. Бірақ олар болған болса, жағдай бақылаудан шыққан кезде олар бірден келіп, адамдарды құтқаруды бастауы керек еді", - деді Жанзақов.
2015 жылы Каспийде не болды?
Жанзақов осыған ұқсас қайғылы оқиға Каспийде 2015 жылғы 18 қыркүйекте "Орталық-2015" жаттығулары кезінде болғанын еске салды. Ол кезде әскери қызметшілер "Оймаша" полигонынан шамамен бес шақырым жерде теңіз десантын түсіруді және плацдармды блоктауды пысықтаған болатын.
Теңізге 6 БТР-80 мен 52 әскери қызметші шықты. Машиналар шамамен 150 метрдей жүзгеннен кейін, қатты жел мен биік толқын салдарынан 4 бронетранспортер батып кетті. Тағы 2 БТР жағаға өздігінен шыға алды. Мерзімді қызметтегі 4 әскери қызметші қаза тапты.
"Сол аумақта Әскери-теңіз күштерінің қайықтары кезекшілікте болғандықтан, адамдардың басым бөлігін құтқару мүмкін болды. Құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Мұндай жағдайға дайын болған адамдар бәрі жоспардан тыс кеткенін көріп, әскерилерді батып жатқан бронетранспортерлерден шығарып үлгерді және оларды құтқарып қалды", - деді Жанзақов.
Анықтама: Қорғаныс министрлігінің сол кездегі алдын ала тергеуі бойынша, оқиғаға десант түсіру құралдары жоқ кезде теңіз десантын түсірудің практикалық эпизодын орындау кезіндегі қате шешім себеп болған. Оқиғадан кейін "Батыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, оның екі орынбасары және теңіз жаяу әскері бригадасының командирі қызметінен шеттетілді. 2016 жылдың қарашасында Ақтау гарнизонының әскери соты алты әскери қызметшіге үкім шығарды. Үш адам колония-қоныста 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, тағы біреуі - 1,5 жылға сотталды. Екі әскери қызметші алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Жүзе білетін адам неге шыға алмауы мүмкін?
Бұрынғы бас қолбасшы теңіз жаяу әскерлерінің жабдықтарына назар аударды. Десант түсіру кезінде әскери қызметші жеңіл киімде болмайды: үстінде формасы, берцы, бронежилеті, каскасы, қаруы мен оқ-дәрілері болады. Суға түскенде жабдықтар су болып, салмағы артады, бұл қозғалысты одан сайын қиындатады.
"Адам жүзе білсе де, мұндай салмақпен оған өте қиын болады. Біз бассейнде жаттығулар өткіздік: киіммен жүзгенде және қолыңа ең болмағанда автоматтың муляжын алғанда, бұл бос жүзумен мүлдем салыстыруға келмейді. Меніңше, әскери қызметшілер жүзе білген, бірақ ауыр салмақты еңсере алмаған болуы мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Бірнеше әскери қызметшінің жағаға өздігінен жете алуын Жанзақов түрлі жағдайлардың жиынтығымен байланыстырады. Бір жерде тереңдік екі-үш метр болса, басқа жерде - бір жарым метрдей болуы мүмкін. Сонымен қатар, адамдардың физикалық дайындығы мен күш-қуаты да әртүрлі болуы ықтимал.
Кім жауапты?
Жанзақов қылмыстық тергеу аяқталғанға дейін кінәлілерді атау ертерек деп санайды. Оның айтуынша, тергеу органдары оқу-жаттығудың жоспары мен барысын, ауа райы болжамын, басшылар мен командирлердің іс-қимылын, құтқару құралдарының бар-жоғын және құтқару операциясының басталу уақытын зерттеуі тиіс.
"Адамның лауазымы неғұрлым жоғары болса, оның жауапкершілік аймағы да соғұрлым үлкен. Тергеу әрбір әскери қызметші мен әрбір бастықтың жауапкершілік дәрежесін анықтауы керек. Осыдан кейін нәтижелер ел басшылығына баяндалады және анықталған деректер негізінде шешімдер қабылдануы тиіс", - деді ол.
Сондай-ақ, Жанзақов өзі де әке болғандықтан, ата-аналардың уайымын түсінетінін айтты.
"Мерзімді қызметтегі сарбаздар қаза тапқанда, мен ата-аналарға баласының болашағына алаңдап, оны әскерге жіберу қаншалықты қиын болатынын түсінемін. Балама ретінде, егер мемлекеттің қаржылық мүмкіндігі жетсе, келісімшарттық қызметті кеңейтуді қарастыруға болады. Мүмкін, әскери қызметшілердің негізгі бөлігі келісімшарт бойынша қызмет етіп, әскерге өз еркімен келуі керек шығар", - деді ол.
Бұл ретте бұрынғы бас қолбасшының пікірінше, Қазақстан мерзімді әскери қызметтен толық бас тарта алмайды. Ол оқиға ашық тергеуді және қауіпсіздік саласында нақты шешімдерді талап етеді деп санайды, бірақ бүкіл әскерге тек төтенше жағдайлар бойынша баға беру дұрыс емес.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.
Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам қаза тапты, үш адам құтқарылды. Әскери қызметшілердің біреуі ауруханада жатыр.
“Ұлым екенін нақты білмедім“: Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың әкесі алғашқы сағаттар туралы айтты
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бүгін Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті. Бас прокуратура іс бойынша күдіктілер анықталғанын хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде іздестіру операциясы аяқталғанын хабарлады: тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.