“Қайғылы оқиғаға қатысы жоқ“ - Қорғаныс министрлігі Дәурен Қосанов түсірілген видео туралы
Не болды?
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде 2023 жылдың қарашасында Парламент Сенатының кулуарында түсірілген видео қайта тарады. Видеода журналистер қорғаныс министрі Дәурен Қосановқа әскердегі қазақстандық жастардың өліміне қатысты сұрақтар қояды. Ведомство басшысы сол сәтте мұндай жағдайлар тіркелмегенін айтып жауап берген болатын.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
JANBÝR (@janbyr_qazaqstan) жарияланымы
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов түсірілген ескі видео тарап жатыр. Ол жазба 24 қыркүйекте Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғамен байланыстырылған пікірлермен бірге жарияланған.
"Бұл видео былтыр түсірілген және Каспийдегі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезіндегі қазіргі қайғылы оқиға мен әскери қызметшілердің қазасына ешқандай қатысы жоқ. Әлеуметтік желі пайдаланушыларын мұрағаттық видеоматериалдарды бұрмаламауға, оларды контекстен жұлып алмауға және болған қайғылы оқиғамен байланыстырмауға шақырамыз. Ел аза тұтып жатқан күні ақпарат таратуда жауапкершілік танытып, қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына құрмет көрсетулеріңізді сұраймыз", - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.
Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам қаза тапты, үш адам құтқарылды. Әскери қызметшілердің біреуі ауруханада жатыр.
“Ұлым екенін нақты білмедім“: Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың әкесі алғашқы сағаттар туралы айтты
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бүгін Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті. Бас прокуратура іс бойынша күдіктілер анықталғанын хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде іздестіру операциясы аяқталғанын хабарлады: тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.