Алматыда жер салығы өзгереді. Бұл кімдерге қатысты болады?
Алматыда бағалық аймақтарға бөлу схемасы қайта қаралады, ол жер салығының мөлшеріне тікелей әсер етеді. Экономикалық әлеует неғұрлым жоғары болса, жердің әр сотығы үшін соғұрлым көп төлеу керек болады. Қолданыстағы аймақтар саны жетіден беске дейін қысқарады. Tengri Home бұл өзгерістер салық көлеміне қалай әсер ететінін баяндайды.
Алматыда жер салығы кейбіреулер үшін 26 пайызға өссе, енді біреулер үшін төмендейді
Бұрын қалай болды?
2014 жылы Алматыға Алматы облысының 23 200 гектар жері қосылды. Ол кезде бұл учаскелерде қажетті инфрақұрылым мүлдем болмаған. Сондықтан бұл аумақтар бесінші, алтыншы және жетінші бағалау аймақтарына жатқызылды, деп түсіндірді мәслихат сессиясында Алматы жер қатынастары басқармасының басшысы Гүлнәр Көкебаева. Осылайша, 2015 жылы қазіргі бағалық аймақтарға бөлу схемасы қалыптасты.
Енді қалай болады?
Осы уақыт ішінде бұл аудандар айтарлықтай өзгеріп, дамыды. Мұнда көлік және инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа әлеуметтік және тұрғын үй нысандары бой көтерді.
"Осыған байланысты қолданыстағы бағалық аймақтарға бөлу схемасын қайта қарап, оны қаланың қазіргі даму деңгейіне сәйкестендіру қажеттілігі туындады. Аймақтар санын қысқартып, бірақ олардың аумағын кеңейту ұсынылады. Нәтижесінде, кейбір аумақтар үшін салық 26 пайызға дейін өсуі мүмкін, ал басқалары үшін 8 пайызға дейін төмендейді. Кейбір учаскелер бойынша шекараны түзету есебінен салық сомасы өзгеріссіз қалады. Яғни, салықтың өзгеруі, ең алдымен, шекара нақтыланғаннан кейін белгілі бір жер учаскесінің қай бағалау аймағына жататынына байланысты болады", - деп түсіндірді Гүлнәр Көкебаева.
Бұл ретте салық өзгерістері тек коммерциялық мақсаттағы учаскелерге арналған. Жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) бөлінген жер иелеріне бұл жаңашылдықтар әсер етпейді.
"Сондай-ақ сарапшылар кеңесінің ұсынысы бойынша жұмыс барысында қолданыстағы түзету коэффициенттері біршама төмендетілгенін атап өткім келеді. Бірінші аймақ бұрынғы қалпында қалды, екінші аймақ бойынша - 1,43-тен 1,4-ке дейін. Бұл аса көп емес, бірақ салық сомасын есептеуде маңызы бар. Үшінші аймақ бойынша - 1,35-тен 1,3-ке дейін. Төртінші аймақта - 1,27-ден 1,2-ге дейін. Бесінші аймақ бойынша - 1,2-ден 1-ге дейін. Осылайша, аймақтар саны жетіден беске дейін қысқарған кезде, екіншіден бесінші аймаққа дейінгі коэффициенттер де төмендету жағына қарай түзетілді", - деп нақтылады Гүлнәр Көкебаева.
Жер салығы қай жерде өседі, ал қай жерде төмендейді?
Өзгерістерді түсіндіру үшін спикер коммерциялық мақсаттағы кейбір аумақтар бойынша нақты мысалдар келтірді.
Бірінші аймақ. Мысалы, 2015 жылы бірінші аймақтың ауданы 4 505,92 гектар болса, жаңа схема бойынша ол екінші, үшінші және төртінші аймақтардың жерлерін қосу есебінен 11 506 гектардан асады. Кейбір аумақтар үшін, мысалы, Абай – Назарбаев – әл-Фараби – Жароков шекарасында салық сомасы бұрынғы деңгейде қалады.
Сайран шағынауданы - салық бір сотыққа 202 теңгеге (төрт пайыз) өседі.
Ерменсай шағынауданы - салық бір сотыққа 434 теңгеге (11 пайыз) өседі.
"Шымбұлақ" тау шаңғысы курорты мен "Медеу" таулы спорт кешені - салық бір сотыққа 666 теңгеге (18 пайыз) өседі.
Екінші аймақ. Оның ауданы 4 481 гектардан 29 175 гектарға дейін кеңейеді. Мұнда салық жүктемесі айтарлықтай артатын, сондай-ақ керісінше, азаятын аумақтар бар.
"Бұл аймақта қазір бір сотық жерге салынатын салық сомасы 4 053 теңге болып отыр. Мысалы, Төле би – Жандосов – Алтынсарин – Жұбанов – Өтеген батыр шекарасында салық бір сотыққа 86 теңгеге, яғни екі пайызға төмендейді. Қалқаман-2 шағынауданы үшін салық сомасы 145 теңгеге артады. Таулы кластерде өсім 1 сотыққа 377 теңге немесе шамамен 10 пайыз болады. Мәселен, Бұқтырма, Құлжа тасжолы, Майлин көшесы мен Жас қанат шағынауданының шекарасында салық 464 теңгеге немесе 12 пайызға өседі. Мұз айдыны сарайы немесе Батыс полиорталығы ауданында өсім сотығына 579 теңге немесе 16 пайыз болады", - деп түсіндірді Гүлнәр Көкебаева.
Үшінші аймақ. Ол 8 612 гектардан 14 429 гектарға дейін ұлғаяды. Оған төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші аймақтардың жерлері ішінара қосылады.
"Қазір бұл ауданда бір сотық жерге салынатын салық сомасы 3 763 теңге болып отыр. Ақжар шағынауданында салық бір сотыққа 87 теңгеге немесе екі пайызға өседі. Шұғыла шағынауданында - 289 теңгеге немесе шамамен сегіз пайызға. Теміржол вокзалы ауданында өсім 18 пайыз немесе 579 теңге болады. Ең үлкен өсім индустриялық аймақ аумағында қарастырылған - 1 сотыққа 782 теңге немесе 26 пайыз", - деді Гүлнәр Көкебаева.
Салықтың ең жоғары өсімі Алматының индустриялық аймағында болады. Мұнда кәсіпкерлер жердің әр сотығына бұрынғыдан 26 пайызға артық төлеуге мәжбүр болады.
Тағы оқыңыз:
Жеке тұрғын үй аймағы бола ма? Алматының Бас жоспары бойынша “Компот“ пен Көктөбені не күтеді?
Меморганның қателігінен кейін қазақстандыққа жер құқығы қайтарылды