Алматы РФММ-де оқушылардың жаппай улануынан кейін полиция қылмыстық іс қозғады
Алматыда Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушыларының жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz сауалына берген жауабында қалалық полиция департаменті хабарлады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр.
"Тергеу іс-шараларының кешені нәтижесінде, соның ішінде СЭҚ тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның мән-жайы анықталып, процесуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскенің хабарланды.
14 қазандағы жағдай бойынша 48 оқушы ауруханаға жатқызылды. Олар қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында стационарлық ем алып жатыр. Тағы 6 оқушы интернаттың медициналық изоляторына орналастырылып, дәрігерлердің бақылауында отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Кейін оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілгені белгілі болды.