Астанада Қайрат Боранбаевтың бұрынғы орталығы сатылмады
Бүгін Астанада кезінде Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған бұрынғы Fitnation элиталық фитнес-орталығын электронды сауда арқылы сату әрекеті жасалды. Алайда сауда өтпеді деп танылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Fitnation неге сатылмады?
e-Qazyna.kz алаңындағы сауда 15 қазан күні сағат 10:00-де өтті. Лот құрамына Астана қаласы, Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан Fitnation спорттық-сауықтыру орталығы кірді.
Бұл ғимарат қосалқы құрылыстарымен бірге шамамен 4000 шаршы метр аумақты алып жатыр және онда 510 бірлік жабдық бар.
Fitnation бұрын премиум санаттағы фитнес-кешен болған. Ішінде кең жаттығу және кардио-аймақтар, бассейндер, спа-кешені мен кеңсе жайлары орналасқан.
Fitnation ғимараты. e-Qazyna.kz порталынан алынған фото
Лоттың бастапқы бағасы 2 913 037 603 теңгені құрады. Бірақ кешенді ешкім сатып алмады. e-Qazyna.kz порталындағы ақпаратқа сүйенсек, бірде-бір ниет білдіруші табылмаған.
Fitnation ғимараты. e-Qazyna.kz порталынан алынған фото
"Сауда-саттықтың мәртебесі: Өтпеді (сауда-саттықтың басталу сәтінде тізілімнің веб-порталы қабылдаған қатысушылардың өтінімдері жоқ)", - делінген порталда.
Сатудың ерекшеліктері
Fitnation мемлекет меншігіне өткеннен кейін ерекше қажеттіліктері бар балалар спортпен тегін шұғылданатын алаңға айналды.
Қала билігі кешеннің спорттық бейінін сақтауға уәде берген болатын. Дегенмен, ата-аналар мен жаттықтырушылар сатылымнан кейін балалардың жаттығуларға қолжетімділігі өзгеруі мүмкін деп қауіптенді.
Электрондық тендер шарттарына сәйкес, жаңа иеленуші үшін шектеулер қарастырылған, бірақ тек бес жылға. Атап айтқанда, осы кезеңде ол міндетті:
кешен жұмысының спорттық және сауықтыру бағытын сақтау;
ғимаратты тек спорттық немесе дене шынықтыру-сауықтыру нысаны ретінде пайдалану.
Алайда қазіргі уақытта нысан әлі де қала әкімдігінің меншігінде қалып отыр.
Еске сала кетейік: Fitnation фитнес-клубтар желісі Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша келтірілген шығынды өтеу аясында мемлекет меншігіне өткен болатын. Боранбаевтың активтерінен қалай айырылғаны және бұл қандай қылмыстық іс болғаны туралы толығырақ - сілтеме бойынша оқыңыз.