Су, ЖИ және биоалуантүрлілік: Тоқаев өңірдегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады
Қазақстан Президенті биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында технологиялық прогрестің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Армения астанасында өткен Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі COP17 көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жұмыстың бірнеше басым бағытын айқындады. Мемлекет басшысы неғұрлым тығыз үйлестіруді талап ететін салалардың қатарында су ресурстарын басқаруды атап өтті.
"Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау", – деді ол.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда тиімді серіктестік экожүйелерді бақылау, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерлерді болжау тәсілдерін түбегейлі өзгерте алатын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделуі тиіс екенін атап өтті.
"Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация – ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды.
Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады.
Қазақстан Президенті бес мемлекетті Каспий итбалығын сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырды