Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу ережесі өзгереді
Қазақстанда жұмыссыз қалған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау ережелеріне енгізілген өзгерістер бекітілді. Тиісті бұйрыққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.Құжатта төлемдердің ең ұзақ мерзімін қысқарту, мөлшерін шектеу және әлеуметтік қолдауға қайта жүгінудің жаңа шарттары қарастырылған.
Негізгі өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жәрдемақы неше ай төленеді?
Бұйрыққа сәйкес, төлем ұзақтығы адамның атына әлеуметтік аударымдар қанша уақыт бойы жүргізілгеніне байланысты болады:
бір ай - егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін;екі ай - егер аударымдар 12 айдан 24 айға дейін;үш ай - егер аударымдар 24 ай және одан көп уақыт жүргізілген болса.
Осылайша, төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады.
Бұл ретте 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған төлемдер белгіленген мерзім аяқталғанға дейін бұрынғы шарттармен жалғасады.
Жұмыссыздар қандай сома ала алады?
Сондай-ақ бұйрық әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшерін белгілейді - ол жеті ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 45 пайызынан аспауы тиіс.2026 жылы ЕТЖ 85 мың теңге. Бұл көрсеткіш бойынша ең жоғары төлем мөлшері айына 267 750 теңгеге тең. Нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.
Есептеу үшін төлем құқығы туындаған күнге қолданыста болатын ЕТЖ мөлшері пайдаланылады.Қашан қайта жүгінуге болады?
Төлемді қайта тағайындау шарттары да өзгереді. Бұйрыққа сәйкес, жәрдемақыны соңғы рет алған айдан кейін 12 күнтізбелік ай өткен соң ғана қайта алуға болады.
Бұл ретте бұрын алынған төлемнің әрбір айы үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілінен 12 ай шегеріледі.Құжатта кәсіптік оқыту кезінде жәрдемақы алу шарттары да нақтыланған. Оқу түріне байланысты төлем сақталуы немесе тоқтатылуы мүмкін.Өзгерістер туралы тағы не белгілі?
Бұған дейін Еңбек министрлігі жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеудің ең ұзақ мерзімін қысқартып, сомасына шектеу қоюды жоспарлап отырғанын жазған едік. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында жаңа тетік қарастырылды.
Бұдан бөлек 2027 жылдан бастап жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар, есептен шығару себептері және қайта тіркеу туралы толығырақ мына жерден оқыңыз.