Тоқаев Үкіметке, депутаттарға және мемлекеттік қызметшілерге үндеу жасады
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін тағы бір маңызды міндет білім беру саласын жан-жақты дамыту екенін атап өтті.
"Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді. Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, "Егемен елдің еңсесі – биік" деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз.
"Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек. Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек", - деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауында толығырақ айтатынын атап өтті.
"Өздеріңіз білесіздер, қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды. Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет.
"Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар. Расында Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық. Біз ауызбіршілігімізді сақтап, ортақ мүдде жолында біртұтас қоғам болып еңбек етсек, кез келген белесті бағындырамыз, барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін!", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
“Халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше мейрам“: Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады