Алматыда бұрынғы вице-министрлер мен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы сотталды
Алматыда 75 мың доллар пара алу және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" миллиардтаған теңге табысына қатысты болжамды схема бойынша сот үкімі шықты. Сотталғандар арасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бұрынғы бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" (ЕРДО) экс-басшысы Дәулет Арғандықов және "Бірінші кредиттік бюроның" бұрынғы жетекшісі Руслан Омаров бар, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
11 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 75 мың доллар пара алу ісі бойынша үкімді жариялады.
Сотталушылар орындығында бес адам болды:
"Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" (ЕРДО) экс-басшысы Дәулет Арғандықов (бұған дейін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған),
"Бірінші кредиттік бюроның" (БКБ) бұрынғы басшысы Руслан Омаров,
ЕРДО басшысы Ақмәди Сарбасов (бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болған),
сондай-ақ ЕРДО қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошымов.
Іс ЕРДО мен "Бірінші кредиттік бюроның" өзара ынтымақтастығына байланысты қозғалған. Тергеу мәліметінше, екі миллиард теңгеден аса шығын келтірілген және 75 мың доллар көлемінде пара берілген.
Сот бесеуін де жекелеген эпизодтар бойынша кінәлі деп таныды, бірақ айыптаулардың бір бөлігі бойынша ақтады.
Сотталушылар қандай жаза алды?
Бес сотталушы да жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтейді.
Дәулет Арғандықовты сот үш бап бойынша кінәлі деп тапты:
ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану (ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
ауырлататын мән-жайларда зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасау немесе пайдалану (ҚК-нің 210-бабы 2-бөлігі 1, 2 және 3-тармақтары) – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
ауырлататын мән-жайларда пара беру (ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары) – 7 жылға бас бостандығынан айыру.
Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот Арғандықовқа 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сонымен қатар сот Арғандықовты Ақмәди Сарбасовқа лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануға көмектесті деген айып бойынша ақтады.
"Бірінші кредиттік бюроның" бұрынғы бас директоры Руслан Омаровты сот келесі баптар бойынша кінәлі деп таныды:
ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға көмектесу (ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі арқылы 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) – 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру;
ауырлататын мән-жайларда зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасауға, пайдалануға немесе таратуға көмектесу (ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі арқылы 210-бабы 2-бөлігі 1, 2 және 3-тармақтары) – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
ауырлататын мән-жайларда пара беру (ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары) – 7 жылға бас бостандығынан айыру.
Қылмыстар жиынтығы бойынша Омаровқа 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оған мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сондай-ақ сот Омаровты Сарбасовқа лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануға көмектесті деген айып бойынша ақтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бұрынғы бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовты сот пара алу бойынша кінәлі деп таныды (ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі).
Оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот Сарбасовты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген айып бойынша ақтады (ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы).
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошымовты сот ауырлататын мән-жайларда зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасау, пайдалану немесе тарату бойынша кінәлі деп тапты (ҚК-нің 210-бабы 2-бөлігі 1, 2 және 3-тармақтары).
Бастапқыда әрқайсысына 3 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Алайда сот Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия қолданып, жаза мерзімін үштен бірге қысқартты.
Нәтижесінде Болатбаев пен Дошымов 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оларға ақпараттық жүйелер, телекоммуникациялар және бағдарламалық өнімдер саласында жұмыс істеуге бір жылға тыйым салды.
Үкім шыққанға дейін екеуі де ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген еді. Шешім жарияланғаннан кейін олар сот залында бірден қамауға алынды.
Сот фигуранттарды тағылған айыптардың бір бөлігі бойынша неге ақтады?
Сот Ақмәди Сарбасовты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы бойынша не себепті ақтағанын түсіндірді. Судьяның айтуынша, Сарбасов Еңбек ресурстарын дамыту орталығын небәрі екі жарым айдай ғана басқарған. Сонымен қатар даулы қосымша келісімшартқа ол қол қоймаған.
"Ол "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті лауазымына тағайындалып, пайыздық арақатынасты теңестіру үшін шаралар қабылдаған. Қосымша келісімге ол қол қоймаған. Ол небәрі 2,5 ай ғана жұмыс істеген, сондықтан сот оның кінәсі дәлелденбеді деп санайды", – деп түсіндірді судья.
Бұл эпизод бойынша сот Сарбасовты қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты ақтады. Дәл осы себеппен сот Арғандықов пен Омаровты Сарбасовқа лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға жәрдемдесті деген жекелеген айыптар бойынша ақтады.
75 мың доллар мен екі миллиард теңгеге не болмақ?
Сот Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментінің депозиттік шотында сақтаулы тұрған 75 мың долларды мемлекет пайдасына тәркілеу туралы қаулы шығарды.
Бұл ретте судья үкімдегі пара мөлшерінің неге әртүрлі екенін түсіндірді. Сот Арғандықов пен Омаровты 75 мың доллар көлемінде пара бергені үшін, ал Сарбасовты 8 мың доллар пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
"75 мың доллар – бұл Арғандықов пен Омаров 75 мың доллар пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Сондықтан параның жалпы сомасы 75 мың деп есептеледі, ал Сарбасовтың алғаны – 8 мың", – деді судья.
Сот 2 миллиард теңгеден аса шығын туралы мәселені бөлек қарастырды. Тергеу нұсқасы бойынша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы осындай шығынға ұшыраған. Алайда сот бұл соманы қылмыстық іс аясында өндіріп алудан бас тартты.
"Екі миллиардтан аса сома – бұл "ЕРДО" АҚ-ның жіберіп алған пайда түріндегі түспей қалған табысы. Жіберіп алынған пайда қылмыстық сот ісін жүргізуде қаралатын мәселе емес", – деп түсіндірді судья.
Сот ЕРДО өкіліне бұл қаражатты өндіруді азаматтық сот арқылы талап ете алатынын түсіндірді.
Атышулы іс қалай басталды?
Еске сала кетейік, 2025 жылдың маусымында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері 75 мың доллар көлеміндегі пара ісі бойынша Арғандықовты, Омаровты және Сарбасовты ұстаған болатын. Тінту кезінде құқық қорғау органдары олардан 370 мың доллар мен 4,5 миллион теңге тапқан.
Кейінірек, 2026 жылдың наурызында Tengrinews.kz миллиардтаған табыс алудың болжамды схемасына қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлаған еді.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2020 жылы мемлекеттік орталық пен жеке меншік кредиттік бюро басшылығы шарт талаптарын өзгерткен, соның арқасында "Бірінші кредиттік бюро" ақпараттық қызметтерден түсетін табыстың анағұрлым тиімді үлесін алып отырған.
Сонымен қатар ҚМА схемаға қатысушылар бәсекелес "Мемлекеттік кредиттік бюроның" сұраныстарын өңдеуді баяулататын арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдаланғанын алға тартты.
Тергеу болжамды шығын көлемін екі миллиард теңгеден аса деп бағалаған болатын.