Директордың әйелі еден жуушының шелегін теуіп жіберді: Ақтау мектебіндегі жанжал қалай аяқталды?
Ақтауда сот жекеменшік мектеп директорының жұбайына қатысты істі қарады. Ол еден жуушымен жанжал кезінде оның шелегін теуіп, іс материалдарына сәйкес, қызметкерге тіл тигізген. Нәтижесінде ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Төңкерілген шелек және қоғамдық резонанс
Еске салсақ, 5 қарашада әлеуметтік желілерде жекеменшік мектеп құрылтайшысының әйелі еден жуушыға жақындап келіп, су толы шелекті теуіп жіберген видео тараған болатын. Бұл кадрлар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары әйелдің әрекетін айыптап, оны жауапқа тартуды талап етті.
Оқиғадан кейін әйелдің жұбайы Халеф Челик әйелінің бұл әрекетін көпшілік алдында түсіндіріп, болған жағдайға оқу орнының техникалық қызметкерлерін кінәлады.
Оның айтуынша, бұған дейін мектепте жинастыру жұмыстарынан кейін кейбір заттар жоғалған көрінеді. Кәсіпкер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін еден жуушылардың болған жайтты мойындағанын алға тартты. Сонымен қатар мектеп басшылығы ол кезде құқық қорғау органдарына жүгінбеуге шешім қабылдаған.
Қоғамдық резонанстан кейін бұл іс мектеп шеңберінен шығып, одан арғы талқылаулар сотта жалғасты.
Сот не анықтады?
Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл қазанда Ақтаудағы мектеп-лицейлердің бірінің екінші қабатында болған.
"Сот биыл қазан айында Ақтау қаласының 31Б шағын ауданында орналасқан "Т" мектеп-лицейінің екінші қабатында, яғни қоғамдық орында азаматша Ю. жәбірленуші Б. тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде шелекті әдейі аяғымен теуіп, оны аударып тастағанын, содан кейін қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттерін жалғастырып, жәбірленушіні қорлағанын, осылайша ұсақ бұзақылық жасағанын анықтады", - делінген хабарламада.
Сотта әйел өз кінәсін ішінара мойындады. Ол балағат сөз айтпағанын, ал шелекті ашу үстінде теуіп жібергенін мәлімдеді.
Оның әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің арызымен және іс материалдарына қоса тіркелген бейнежазбамен расталды.
Әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін ішінара мойындауын және асырауында жас балаларының бар екенін ескерді.
Нәтижесінде оған 20 АЕК - 86 500 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.