Доллар толы чемодандар: Астанадағы тұрғын үй кешені маңында не болды?
Таңертеңнен бері әлеуметтік желіде Астанадағы Қонаев көшесі бойында орналасқан тұрғын үй кешені маңында шашылып жатқан долларлар көрінетін видео тарап кетті. Кадрдан жүз долларлық банкноттарға ұқсайтын тұтас бумаларды көруге болады. Tengrinews.kz тілшілері тұрғын үй кешеніне барып, мән-жайды анықтады.
Редакция өкілдері жеткен кезде оқиға орнында полиция да, шашылған ақша да болған жоқ.
Atlant ТҮК маңында не болды?
Редакция видеодағы кадрларды фотографымыз Қонаев көшесіндегі ТҮК маңында түсірген суреттермен салыстырып көрді.
Видео мен суреттегі орындар сәйкес келеді. Atlant ТҮК туралы сөз болып отыр.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Видеодан скриншот
Видеолардың бірінде тұрғын үй кешені маңында купюралар да, тұтас бумалар да жатыр. Қасында полицейлер мен азаматтық киімдегі адамдар жүр. Кадр сыртындағы дауыс бұл номиналы 100 долларлық купюралар екенін айтады.
"Шын ба, өтірік пе, нақты білмеймін", - деді ол.
Мессенджерлерде тараған ақпаратқа сүйенсек, Atlant ТҮК пандусында ақша салынған сегізге жуық чемодан болған. Сондай-ақ, оқиға орнына полиция жасағы келіп, тексеріс басталғаны айтылады.
Тағы бір жазбада кадр сыртындағы дауыс шақырту 12 қарашада шамамен сағат 06:30-да түскенін айтады. Ол Қонаев көшесі, 5 деген мекенжайды атап, чемоданнан купюралар шашылып қалғанын, содан кейін полиция келгенін жеткізген.
Оқиға орнында шын мәнінде қанша чемодан немесе сөмке болғаны, олардың ішінде не бары және купюралар кімге тиесілі екені туралы әзірге ресми мәлімет жоқ.
"Астананың желі көмектеспеді"
Видео ТҮК тұрғындарының чатында да талқыланды. Чаттағылардың бірі әріптестері одан оқиға туралы сұрап жатқанын айтты. Ер адам жұмыста бұл "жай ғана үй" екенін, "бәрі қарапайым тұратынын" түсіндіріп жатқанын айтып әзілдеді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Иә, біздің үй үшін бұл үйреншікті бейсенбі деп айтыңыз", - деп жауап берді оған чаттағылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы көршілерінің арасында өзі туралы ешкім білмейтін миллионер бар-жоғын сұрады.
ТҮК тұрғындары чатындағы хаттар
"Мұндағылардың бәрі сондай деп ойлап едім", - деп әзілдеді үй тұрғыны. Кейінірек ол "Салықты өсірмесе, игі еді" деді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Тағы бір тұрғын алғашында үйдің алдында шлагбаумды кім ашқанына қатысты дау болып жатқан шығар деп ойлағанын жазды. Чаттағылар шлагбаумды "бар бәленің себебі" деп әзілдеп, енді бірі таңертең басқа жолмен кеткеніне өкінген. Біреу шабадан көрші аулаға дейін ұшып баруы мүмкін еді дегенде, чаттағылар: "Астананың желі көмектеспеді" деп әзілдеген.
Кімдер ұсталды?
Бастапқыда әлеуметтік желіде бұл видео "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" басқарма төрағасы Елжас Отыншиев ұсталғаны туралы қауесеттер аясында талқыланды. Бұл хабарламалардың Atlant ТҮК маңында шашылған купюралармен байланысы туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Кейінірек ҰҚК Жақыпов пен Отыншиев, басқа да тұлғалар ұсталғанын растады.
Тағы оқыңыз:
Мансабы, мәлімдемелері және Президент сыны: Нұрлан Жақыпов туралы не белгілі?
Жарты жыл да жұмыс істемеді: ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанға дейінгі қызмет жолы