ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылғы 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен басқа да тұлғаларды ұстады.
"Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
ҰҚК Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және "Заң мен Тәртіп" қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Елжас Отыншиев "ҚТЖ" басшысы лауазымына 2026 жылдың шілдесінде тағайындалған болатын. Ол бұл қызметке "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен келген еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Астанада "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған болатын. "Самұрық-Қазына" баспасөз қызметі ұстау туралы ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Компания өкілетті органдардан ресми ақпарат түскенше және оқиғаның мән-жайы толық анықталғанша пікір білдіруден қалыс қалатынын мәлімдеді.
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Толық мәліметтер осы жерден оқи аласыздар.
Отыншиевтен бұрын ҚТЖ-ны басқарған Талғат Алдыбергенов 8 шілдеде қызметінен кеткен болатын.
Айта кету керек, осы жылдың 14 шілдесінде Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ҚТЖ жұмысын сынға алды. Ол компанияның жұмысы сылбыр әрі тиімсіз екенін айтып, жыл соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын аяқтауды және вокзалдарды реконструкциялауды тапсырды.
Бұл алғашқы ескерту емес. Маусымда Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Алдыбергеновке ескерту жасаған болатын. Ол кезде премьер жеке жауапкершілік туралы ескертіп, ұлттық компания басшысына транзиттік тасымал жоспарынан қалып қою мәселесін көтерген еді.
Елжас Отыншиевтің өмірбаяны
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтының бакалавриаты мен магистратурасын "жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің кеңесшісі болып бастады.
2009-2019 жылдар аралығында "Самұрық-Қазына" АҚ және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021-2023 жылдары KIDF-те басқарушы лауазымдарда қызмет етіп, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік етті.
2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да секторлардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылдың ақпанынан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.