Алматыда кафе сүрілді
Алматыда Жетісу-2 ықшамауданында орналасқан LAPARK кафесі сүрілді. Тексеріс барысында нысанның рұқсат құжаттарынсыз салынғаны анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Кафе неге сүрілді?
Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, LAPARK кафесінің иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Ол нысан иесінде құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарының болмағанын көрсетті.
Тексеруден кейін ведомство әкімшілік шаралар қолданып, іс материалдарын сотқа жолдады.
Сот шешімі
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты меншік иесіне әкімшілік жаза қолданып, заңсыз салынған бір қабатты күрделі құрылысты мәжбүрлі түрде сүру туралы қаулы шығарды.
Басқарманың хабарлауынша, меншік иесі демонтаж жұмыстарын өз бетінше бастады.
Бұған дейін 2026 жылдың басынан бері Алматыда толық немесе ішінара 52 заңсыз салынған нысанның сүрілгені хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Алматының Бас жоспары бекітілді. Үйіңіз сүрілетін аумаққа жата ма, оны қалай білуге болады?