Сот Молдова президентінің өкілетін тоқтатты
Қаңтардың 2-сі Молдованың Конституциялық соты ел президенті Игорь Додонның қызмет өкілетін уақытша тоқтатты.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, мұндай шешім президенттің өткен аптадағы премьер-министрдің жасақтаған үкіметін (5 министр мен 2 вице-министр кандидатурасын) мақұлдамай қоюына байланысты болды. Ел заңнамасы бойынша, президент премьер-министрдің ұсынысын тек бір рет қайтара алады.
Конституциялық сот президенттің қызмет өкілеті парламент төрағасы мен премьер-министрге өтеді деп үкім етті. Таяу арада олардың бірі үкімет мүшелерін жасақтау туралы жарлыққа қол қояды.
Былтыр желтоқсан айында президент Додон үкіметтің жеті мүшесін қызметтен босатқан еді. Премьер-министр Павел Филиптің үкімет мүшелігіне кандидаттарын Додон екі рет қабылдамай қойған соң билеуші коалицияның бір топ депутаты Конституциялық сотқа шағымданған.