«Тәрбие бастауы - тал бесікте»
Тәлім - тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халқының өткені мен бүгініне дұрыс байланыс арқылы іске асады. Соңғы жылдардағы тарихи өзгерістері есепке ала отырып, бұл күндері бүкіл ел болып өткендегі адамдық қасиетті құрайтын барлық жарқын, өшпейтін озық дәстүр - салтымызға, әдет ғұрпымызға, кәде сыйымызға, жол - жоралғымызға іздеу салып, ең қажеттерін ғасырлар қойнауынан аршып ала бастадық . Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылар еді. Бұрынғы ата - бабаларымыз «Бесіктен тәрбиелеу керек», деп бекер айтпаған ; тәрбиенің қайнар көзі-деп бесікті таныған . Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден - бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры. Сәби тәрбиесі мен мінез - құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан - жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл - күйін көтереді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ал қазіргі кезде бесік жыры мүлдем айтылмай, қолданыстан шығып жүр. Жастарымыз бесік не екенін мүлдем білмейді. Оның үлкен тәрбие құралы екені ескерілмей барады.