Шолпанның күнәсі
Шолпан Сәрсенбайға шыққан жылы өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой», – деп аузымен ғана айтушы еді. Мал орнына сатылып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан шынында бастапқы жылы бала керек қылмады. Ақ отаудың ішінде оңаша жатса да, яки күйеуін құшақтап жатса да, ол ылғи ішінен: «Жасаған-ау, бала бере көрме?!» – деп тілейтін еді.