Чахохбили
Мылтықбай екеуміз «Баһор» ресторанында отырмыз. Лыпыл қаққан даяшы қыз бұйырған тағамымызды лезде жеткізді. Күміс тостақтағы чахохбилидің жұғымды исі танауымызды делдитіп барады. Әсте, грузин халқының тамағы болса керек. Қалай дайындайтынын кім білсін, әйтеуір, буы бұрқырап мұрнымыздың астында тұр. Шанышқы, пышақты қолға алып, үстіне төне түстік. Қызылкүрең гарнирінің қоюлығы — быламықтай. Түйір-түйір дүниелердің не зат екенін ажырату өте қиын. Және оның бетін майға қуырылған жұқа капустамен қалқалап қойыпты.