Қазақстан ДСҰ қатарына өту арқылы жаһандық экономикаға жақындап отыр - Апталық шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Швейцарияның Женева қаласында ДСҰ-ның штаб-пәтерінде алқалы жиын өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына ресми түрде қабылданды. Осылайша, Қазақстан әлемдік сауданың тетігін ұстаған алып Ұйымның құрамына қосылған 162-ші ел атанып отыр. ДСҰ Бас кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо қол қойды. Енді аталған хаттаманы Парламент ратификациялап, елдің ішкі рәсімдеуінен өткеннен кейін Қазақстан ДСҰ-ның толыққанды мүшесіне айналады.