Төлжанның достығы
Міне, екі күндей де болған жоқ. Екі жылдық мектепті бітіріп шықтық. Жұрт жаңа қызмет орындарына кетіп жатыр. Ал, мен болсам... Ие, мен Қазақстанның солтүстігіндегі бір қалаға аттандым.
Бейтаныс қала. Жаңа қызмет орны. Жаңа адамдар күтіп тұр алда.
Адам деген қызық қой. Осындайда ең алдымен ескі танысың, дос-жаран адамың болса, соны іздемейсің бе?
— Ие, мен білетін кім бар еді осы келе жатқан қалада?
— Еһ, Төлжан ше? Кәдімгі өзіміздің Төлжан Ырсаевты айтамын. Менің көз алдыма безеулі томпақ бет, салпы ерін, орта бойлы қара жігіт елестей қалды. Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік - ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал...