Ақбілек
Өскеменнің ар жағында, Бұқтарманың оң жағында әлемге аян Алтай бар.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Өскеменнің ар жағында, Бұқтарманың оң жағында әлемге аян Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар.
Алтай Күршім не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны.
Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған, ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алтай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып,...