Оралда ұсталғандарды туыстары іздеп жүр. Журналист Ахмедияров он күнге қамалды
7 қаңтарда Орал полиция бөлімшесіне адамдар жиналып, митинг және тәртіпсіздік кезінде ұсталған жақындарының қайда екенін айтуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
6 қаңтарда вахталық жұмыстан қалаға қайтып келе жатқан 35 адам ұсталған еді. Ұсталғандардың туыстарының айтуынша, вахталық жұмысшылар мінген автобусты қалаға кіреберісте тоқтатып, ішіндегі адамдарды алып кеткен.
Бұған қоса қалада 5 қаңтардағы митинг кезінде ұсталғандардың да қайда екені белгісіз.
7 қаңтарда Оралда журналист Лұқпан Ахмедияров он күнге қамалды. Журналист Азаттыққа таңғы 8-де полицейлер шақырту қағазынсыз келіп, алып кеткен. Кейін Ахмедияровтан да хабар үзілген еді. Сегіз сағаттан соң оның адвокаты Ахмедияров полицияда болғанын хабарлады.
Журналистің үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бабы 6-тармағы бойынша ("Бейбіт митинг туралы заңды бұзу") хаттама толтырылып, сот болды.
Елде билікке қарсы наразылық күшейгенде Орал жұрты да қала орталығына шығып, қарсылық білдірген еді.