Қыдырбай молданың әңгімесі
«Мен 13 жасымда жетім қалдым. «Отау иесі» деп қарт әкем мені 13-ке толар-толмасымда-ақ үйлендіріп тастаған. «Әлі бала жас қой, тым ертерек емес пе?» деп сұраған ағайынға «менің жасым кеп қалды, көзімнің тірісінде келін түсіріп кетейін, немерені Құдай өмір берсе көрерміз» дейді екен.
Ол кезде Талқының (тау) аузында отырамыз, жаздай есекпен, атпен сүйреп әкелген қарағайдан қатырып тұрып екі ауыз там салып алғанбыз. Ол уақытта ортаға қоятын темір пештің өзі қат, табылмайды.
Амал жоқ, қыстыгүні ортаға от жағып, соның шоғын көміп қоятынбыз. Таң ата шешем әлгі шоқты қоздатып, үстіне шөп-шалам салып, үрлеп тұтатып алады. Ол кездегі тіршілігіміз сондай еді. Бірақ, мен үшін...