Bloomberg: Үндістан Ресейден қару сатып алуды тоқтатты
Ресейден қару сатып алуға оқталған Үндістан төлем әдісіне келісе алмады, соның нәтижесінде ресейлік қаруды Үндістанға тасымалдау тоқтатылды, деп жазды дереккөзге сүйеннен Bloomberg агенттігі.
Дели Батыс санкциясынан сескеніп, Ресей қаруы үшін доллармен есеп айырысудан бас тартқан. Мәселе 2 млрд долларлық келісімшарт пен С-400 ракета кешенінің екі қондырғысы мен бөлшектерін сатып алуға жұмсалуы тиіс 10 млрд долларлық Ресей несиесі жөнінде болып отыр. Bloomberg'тің жазуынша, қару тасымалдаудың тоқтап қалғанына бір жыл болған.
Өзге валюталарды пайдалану туралы келіссөз де нәтижесіз аяқталған. Мәскеу үнділік рупийдің бағамы тұрақсыз болғандықтан оны қабылдаудан бас тартқан. Ал Үндістан келісімді рубльмен де жасағысы келмеген, себебі ондай жағдайда қаруды нағыз нарық құны бойынша ала алмайды. Еуро және дирхаммен де сатып алу жөнінде келіссөз болған, алайда еуромен келісім жасау Еуропа мен Америка билігінің назарын аудартып, Үндістанға валюта бағамы тиімсіз болып шығады. Қару бойынша үнді тауарларымен есеп айырысуды да Ресей сауда балансындағы едәуір профицитке байланысты құп көрмейді.
Қарулы күштерінде 250 жойғыш ұшақ, 1200 танк, жеті суасты кемесі бар Үндістан үшін тасымалдың тоқтағаны бірқатар мәселені туындатуы мүмкін. Үндістан өкілдері Ресей әскери техникасын тұрақты түрде техникалық тұрғыда қамтамасыз ететініне күмән келтіреді.