Ел мен жерді әлемге танытатын - білікті ұстаз, білімді шәкірт
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерте замандардан бері қалыптасқан дәстүрлі түсінік бойынша, адам өмірінің жастық шағы сауат ашуға, білім көкжиегін кеңейтуге арналып, одан кейінгі ғұмырының дені жұмыс істеумен өтеді деп саналып келді. XX ғасырдың ортасында француз ғалымы Павел Рангеран ғасырлар бойы ұстанған осы қағиданың ескіргенін ескерте отырып, адамдар өмір бойы білім үйреніп, өзінің қарым-қабілетін үздіксіз жетілдіре беруі керек деген тұжырымын жария етті. Бұл үндеу әлем ғалымдарының да жаппай қолдауына ие болды. Сондықтан да адамдар бүгінгі күннің, заманның озық көшінен қалмаймын десе, білім үйренудің осындай талабын орындауы қажет.