Абыз - Әбіш! (Әбіш Кекілбаевтың Сенатта сөйлеген соңғы сөзі: 10.12.2015 ж. АУДИО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елін сүйген, Елі де оны сүйген бір әзиз жан дүниеден өтті. Әзиз - Әбіш! Ұлты үшін Абыз - Әбіш! Ұлты үшін бүгінгі күннің ең аяулысының бірі, тәуелсіз ұрпақтың арысы, қалың алаштың тау тұлғасы еді. Қалың қазақты қайыратын қаза! Десе де, бақилыққа аттанған Әбіш Кекілбаевтың пәниліктегі салған соқпағы сайрап жатыр. Ұлтымыздың ғұлама жазушысы қазақтың тарихын түгендеп, рухани діңгегін нықтап қана кеткен жоқ, жас тәуелсіз мемлекеттіліктің берік іргесін өз қолымен де қалауға атсалысып кетті. Әттең, Әбіш ағамыз сол өзі уығын көтерген жас мемлекеттің, өзі куә болған арайлы Тәуелсіздігінің 24-ші жылдығын тойлайтын мерекеге бес күн қалғанда бақилық болды.