Жоқ сүттен миллиондаған теңге табыс тапқан: ҚМА ірі алаяқтықтың бетін ашты
Алматы облысында субсидияларды жымқыру және шот-фактураларды заңсыз рәсімдеу ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізді.
Мән-жайы
Іс материалдарына сәйкес, "БАҒДАУЛЕТ және ПК" және "АМАНТАУ-2023" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдау бағдарламалары бойынша қарастырылған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденіп келген.
Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынылған. Осы жалған құжаттар негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам сомаға заңсыз субсидия төленген.
"Бұл ретте кооперативтердің мәлімделген қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттары, жабдықтары, жұмысшылары және өзге де ресурстары болмаған", - деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар тергеу барысында "ComputerService" ЖК арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды. Бұл кәсіпкерлік нысаны жоқ мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету үшін пайдаланылған.
Нәтижесінде бюджетке төленбеген салық сомасы 416 миллион теңгеден асты.
Сот үкімі
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сот қылмыстық схеманың екі қатысушысына 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.